Кез-келген адамның өмірінде сананы еліктіріп, өзіне кері тартатын нәрсенің бірі – құмар ойындары. Адам баласының көп жағдайларда құмар ойындарына құмарта отырып, өзінің күнәлі істерге жол беріп алатынын ескере бермейді.
Құмар ойындар ислам дініндегі ауыр күнәлар санатына енген. «Құмар» деген сөз араб тілінен келген. Аятта құмар сөзі емес, «майсир» сөзі деп келтірілген және бұл сөздің мағынасы – «жеңіл жолмен мал табу».
Кейбір адамдар ішімдікке салынып қана қоймай, ішкен үстіне іше түседі және құмар ойнауын қоймай, құмартқан үстіне құмарта береді. Ислам дініде құмар ойындары харам етіліп, лағынеттелген. Құмарлы ойындар туралы Құран Кәрімнің «Мәида» сүресінің 90-91-аяттарында былай деген: «Әй, мүміндер! Арақ, құмар, тігілген тастар (пұттар) және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар. Негізінен шайтан арақта, құмарда араларыңа дұшпандық әрі кек салып, Алланы еске алудан және намаздан қалдыруды қалайды. Ал сонда да тыйылмайсыңдар ма?». Бұл терең ойға апаратыны сөзсіз.
Құмар ойындардың күнәсі, ең алдымен, ойыншылардың біреуі жеңіп алған ақшаны заңсыз жолмен тапқандығына байланысты, демек, адам осы жолмен тапқан ақша үшін – Қиямет күні жауап береді. Табысын жоғалтқандарға келетін болсақ, бұл қаражатты орынсыз жұмсау деп атайды, оны ысраф (ысырап ету) деп те атайды, өйткені құмар ойындармен айналысатын адам бұл ақшаны өзіне немесе отбасына тамақ беріп, мұқтаж жандарға бергені жөн болар еді. Құран кәрімде құмар ойындарының адамды мас ететін ішімдіктермен бір қатарға қойылып, олардың адамға, отбасына, айналасына, қоғамға, қоршаған ортаға, моральдық құндылықтарға тигізетін кесірінің бірдей екендігі анық айтылған.
Сонымен қатар, құмар ойындары дос-жаран мен туған-туыстың арасына да іріткі салатын нәрсе. Ақшаның елесі оған еліткен жанды адастырып, көзін тұмандатып, жақын-жұрағаттарын ұмыттырады.
Оған берілген жан барша дүниені ұмытып, барлық есіл-дерті ақшаға ауып, соны қалай ұтып алуды ғана ойлайды. Сахаба Абдулла ибн Омардың ﴾р.а.﴿: «Құмар ойын – еңбексіз, оңай табыспен келеді», – деген сөзі бар. Құмар ойынға еліктеп кеткен адамның – мақсаты құмарға тігілген ұтысты жеңу.
Ойынға араласқан барлық ойыншының мақсаттары – тек қана ақша ұту. Ал ұтыстың тек бір адамда ғана қалатындығы белгілі. Жеңіліс тапқан адамдар ашу-ызаға булығып, шайтанның арбауына мас болып, түрлі арам ойларға ерік береді. Ұтылған адам алдамшы сеніммен, ұтылған ақшасын қайтарып алу мақсатында тағы да ойнап, тағы да ұтылып, сол жерден айналшықтап кете алмайды. Қайтсе де жеңіске жету жолында шайтанның арбауымен, қалтасындағы барын салады, болмаса қарызға ойнайды, нәтижесінде тағы да ұтылады. Ең соңында өзі де азғындайды, отбасы мен жақындарын да ұятқа қалдырып, аш-жалаңаштыққа ұштырады, тоздырады.
Ал ұтқан адам қаржысына қанағаттана алмаған ол, ақша көбейген үстінен көбейе түссін деп, шайтанның лас ісіне ары қарай арбалған үстіне арбала береді. Дүние-кезек, күндердің бір күнінде ұтылыс бұған да жетеді. Оның да нәтижесі жоғарыда аталғандай болып шығады. Құмар ойындарда тапқан ақша – бұл лас ақша!
Қоғамда танымал ойындардың кейбір түрлерін және исламдағы оларға деген көзқарасты қарастырайық. Нарды – Пайғамбарымыздың (с.а.с.) кезіндегі кең таралған ойындардың бірі, ол оған тыйым салған: «Нарды ойнаған адамның қолы шошқа етімен арамдалған қолға ұқсайды» (Муслим, Ибн Мажа). Спорттық ставкалар – бұл адамдар белгілі бір спорттық іс-шаралардың нәтижелерін болжауға тырысатын лотереяның бір түрі, ал егер олар сәтті болса, ставканың мөлшері мен коэффициентіне байланысты сыйлық алады. Бұл құмарлық ойынға тікелей жатады және осы қызмет харам болып табылады. Құмар ойындарының қатарына «рулетка» да кіреді, онда дұрыс санды тапқан адам жеңімпаз болады. Бұл ойынға да ислам тұрғысынан да тыйым салынған. Тағы бір кең таралған құмар ойын – бұл лотерея. Оған көптеген адамдар қатысады және кім ұтысты билет ұтып алса, сол жеңіскер болады. Бірақ, жеңістің кездейсоқтық белгісі, ойыншының психологиялық тәуелділікке түсу ықтималдығы жоғары. Лотерея ойыныны, сөзсіз, құмар ойындар санатына толық жатқызуға болады.
Пайдалы спорт түрі бар екені да сөзсіз. Денсаулықты жақсартып, адамды ептілікке, мықтылыққа итеретін футбол ойыны мұсылман жастары арасында өте танымал әрі басты спорт түрі болып саналады. Бұл ойын жастардың бір-бірімен жақсы араласып, бауырмал болуларына жағдай жасаумен қатар, денсаулыққа да пайдасы зор. Сондықтан, футбол секілді спорт ойындарына шариғат қарсы емес, егер ол ойын Аллаға құлшылық жасаудан қалдырмаса. Алайда, қазіргі күні көптеген спорттық жарыстарға бәстесү секілді харам істердің араласып кетуі және қарапайым ойын үшін екі жақтың жанкүйелерінің бір-бірін өлтіруге дейін баруына, екі жақ болып жауласуына әсер етіп жатқаны өкінішті.
Жалпы, құмар ойындарының зардабы елдің дамуына өзіндік кері әсерін тигізіп, адамның кері кетуіне ерекше ықпал ететіндігі сөзсіз екендігін нақты ұғынуға тиіспіз. Ел болып, құмар ойындарына құмарланып, шайтанның арбауына түспейік. Дінімізді, иманымызды күшейтіп, өзімізге, отбасымызға, айналамызға, қоғамға, қоршаған ортаға пайдалы істермен айналысайық. Алла тағала бізді құмар сияқты лас ойындардың шырмауына түсуден сақтасын деп тілейік.

Пайдаланған әдебиеттер:
asyldin.kz  
«Мәида» сүресі 90-91 аяттар
taglym.kz

Қасымбеков Н. Шымкент қаласы орталық мешітінің азаншысы

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38