Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти
Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттары сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.
Президент осы Жарлыққа орай халыққа жолдаған Үндеуінде партиялық тізімге жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілгенін атап өтті. Бұл – жастарға берілген үлкен мүмкіндік, мемлекеттік қолдау.
Жастар – қоғамның қозғаушы күші, ізгілікті істердің белортасында жүрген буын өкілдері. Азаматтық көзқарасын ашық айтып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген жастардың заң шығарушы мінбеден, мемлекеттік маңызы бар шаралардан төбе көрсетіп, игі істердің басы-қасында болуы – өте құптарлық іс. Бұл – азаматтық қоғам қалыптастыруға жасалған қадам.
Өскелең ұрпақтың еліміздің өркендеуі мен дамуына қосар үлесі айрықша. Өйткені, болашаққа ұмтылу, жанқиярлықпен жұмыс істеу, өнімді еңбек ету, т.б. сипаттар – жастарға тән табиғи құбылыстар. Жас буынның өзіне тән осындай әлеуетін қажетті уақытта, тиісті орынға сарп ету дұрыс ойдан, әділ шешімнен туған бастама дер едік.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттары сайлауын тағайындау туралы халыққа жолдаған Үндеуінде: «Біздің ортақ миссиямыз – Қазақстанды өркендету, азаматтарымыздың игілігі үшін қызмет ету. Қазақстан халқы аса маңызды тарихи сындарлы сәттерде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білді. Халқымыз осы жолы да елімізді жан-жақты жаңғырту бағытындағы жаңа тарихи миссиясын лайықты атқарады деп сенемін. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында еліміз кемелдене түсіп, дамудың жаңа кезеңіне шығатынымыз анық. Мемлекетіміздің барлық азаматтарын белсенді азаматтық ұстанымын танытуға, Парламент Мәжілісінің және мәслихаттардың алдағы сайлауына ұйымшылдықпен қатысуға шақырамын» деді.
Бірлікке ұмтылған ұлт қашан да игілік пен нығметке бөленеді. Сындарлы сәтте халыққа аса қажет, баршаға ортақ құндылық – бірлік. Расында, Алланың алдында сүйкімді адамдар, олар – елді бірлікке шақырғандар, алауыздыққа жол бермегендер. Екі дүниенің бақытына жетелейтін Құран Кәрімнің «Хужурат» сүресінде: «Ей, адамдар! Негізінде, Біз сендерді бір ер және бір әйелден жараттық, әрі сендерді бір-бірлеріңді танып, білулерің үшін халықтар мен рулар етіп жасадық. Анығында, Алланың алдындағы сендердің ең құрметтілерің – тақуаларың», – делінген.
Алла Тағала халқымыздың ырыс-несібесін молайтып, ауызбіршілігін арттырғай. Тәуелсіздігімізді мәңгілік етіп, болашаққа басқан қадамымызды берекелі еткей! Тілегіміз қабыл, мұратымыз асыл болғай! Әмин!