Нәби есімді кедейдің жүйрік тұлпары бар еді. Бір бай: «Осы атыңды маған сат» деп қомақты қаржы ұсынса да, ол бас тартады. Ақшаға сатып ала алмасын білген бай айлаға көшеді. Нәби жолаушылап келе жатқанда, бай қайыршының киімін киіп, оның алдынан шығады. «Қайыршы» қыр астындағы ауылға жете алмай отырғанын айтып көмектесуін өтінеді. Ойында ештеңе жоқ Нәби: «апарып тастайын» дегенде бай: «Шырағым, аттан түсіп мені мінгізіп жібермесең, қозғала алар емеспін» – дейді. Айласын асырған бай атқа отыра қамшыны басады. Істің мәнісін енді түсінген Нәби: «Байеке, тоқтай тұрыңызшы, айтатұғын бір сөзім бар» – депті. Бай бұл пақыр не дер екен деп, атын іркіп: «Ал, бейбақ, не дейсің, айт айтарыңды» – дейді зекіріп. Нәби сонда: «Мұны ешкімге айтпай-ақ қойыңыз. Бар өтінішім осы» – депті.
Бай сонда: «Мен бұл жағдайды айтқанда абыройың айрандай төгіледі дейтіндей беделің де жоқ. Несіне қам жей қалдың, сорлы» дегенде: «Мәселе онда емес, менің қорқып отырғаным бұл оқиға елге тарап кетсе, аты барлар жолда кездескен шын мұқтаждарды да мінгестірмей кетпей ме? Мені ойлантып отырған осы»,- деп ағынан жарылады. Мәселенің мәніне осыншалық терең бойлағанына таңқалған бай аттан түсіп, иесіне қайтарып берген екен.