Аса рақымды ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Қазақ халқы қай кезеңде болмасын ауыртпалығын мейіріммен, жанашырлығымен, бірлігімен жеңе білген халық. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, рухани әрі материалдық тапшылық көрген бауырластарына қол ұшын соза білу қанға сіңген қасиеті. Ел басына күн туған бүгінгідей қиын күнде бабабалар салған ізден жаңылмау қажеттігі туындап отыр. «Расында мүмін мүмін үшін біртұтас құрылыс сияқты, бірін бірі бекітіп тұрады» дейді Пайғамбарымыз (с.а.с).
Қадірлі жамағат!
Шілденің соңғы күндеріне тұспа тұс келген Зұлхижжа айы сауапты істеді молынан жасап қалуға таптырмас мүмкіндік. Алла Тағала Құранда: «(Зұлхижжа айының алғашқы) он кешіне серт», – деп, бұл күндердің маңызын, қадір қасиетін анықтап көрсетеді. Бұл айда елге келген алапаттан айығу үшін дұға тілеу маңызды. Алланың көркем есімдері «Әс-Сәләм», (амандық) пен «Әш-Шафи» (шипа беруші) екенін ескерсек, науқастарымыз үшін дертіне дауа тілегеніміз пайдалы болмақ.
Жетімдер мен жесірлерге берген садақамыз үшін Алланың берер сауабы молынан болары сөзсіз. «Қарттарыңды сыйлай біл: күндердің күні болғанда кімдердің белі бүгілмес» деп Бұқар бабамыз жырлағандай қарияларымызды ұмыт қалдырмай тиісті жәрдем бергеніміз абзал. Бұл күндері берілген садақа мен әрбір ізгі, игі іс-амалдарымыздың жақсылығы еселеп қайтары анық.
Биыл қасиетті Құрбан айт мерекесі 31 шілде мен 1-2 тамыз күндеріне сәйкес келді. Құрбан шалу жағдайы бар әр мұсылманға уәжіп амал. Әйткенмен, елдегі карантин жағдайына байланысты Құрбан айт намазы оқылмайды, қасапханаларда мал сойылмайды. Дегенмен, иманды азаматтардың құлшылық амалға деген ниетін орындау мақсатында қашықтан құрбан шалу тәжірибесі іске асады. Ол үшін азаматтар QURBAN2020.MUFTYAT.KZ сайтына 30 шілдеге дейін құрбандық шалуға онлайн тапсырыс бере алады. Әлемнің бірқатар елінде көптеген жылдан бері жүзеге асып келе жатқан бұл тәжірибе елімізде тұңғыш рет қолға алынды. Түркия, Малайзия, Индонезия, Біріккен Араб Әмірліктері мемлекеттерінде бұл игі дәстүр тұрақты түрде жолға қойылған. Яғни, Құрбандық еті түгелдей мұқтаж азаматтарға таратылады. Елдегі қалыптасқан ахуалға сәйкес құрбандық шалу белгіленген орындарда жүзеге асады. Жергілікті әкімшілік пен санитарлық эпидемиологтардың рұқсаты алынады. Карантин талаптарының қатаң түрде сақталуы қадағаланады.
Тағы бір ескеретін жағдай осы кезге дейін Құрбан шалған азаматтар құрбан етін үшке бөліп, бір бөлігіне ағайын-туыс, көрші қолаңға арнап айттық дастархан жаятын. Ал онлайн бойынша құрбандық шалынған кезде еттің үштен бірі шалған адамға берілмей, түгелдей әлеуметтік аз қамтылған жандарға, мұқтаждар отбасыларға үлестірілетін болады.
Қазіргі таңда Діни басқарма тарапынан Құрбандық шалуға қатысты тиісті роликтер мен жарнамалар және тағы басқа ақпараттық түсіндіру жұмыстары әзірленді
Ардақты ағайын!
Айта кетерлігі, ел басына қиын күн туып тұрған кезеңде жеке бастың қамын ойлап, пайда табуды көздеудің жөні болмас. «Кімде-кім мұсылмандар тауарының бағасын көтерумен айналысса, Алла Тағала ол адамды қияметте тозақ отына отырғызуға құқылы» дейді сахаба Мағқил бин Ясар (р.а.) Кейбір бауырларымыз болмашы табысқа бола елдің наразылығына ұшырап қалмаса игі. Бірлігімізді көрсететін сын сағатта, жеке басымыздың қажетіне емес, жақсылыққа ұмтылып, Алланың мейіріміне үміт артқанымыз дұрыс болар.
Алла Тағала жер бетін жұқпалы дерттен тазартып, жақсылығы мен берекетін жаудырғай. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай.
Мешіттеріміз ашылып, жамағатпен құлшылық жасайтын күнді жақын етіп, қалыпты өмір тіршілігіне қайта оралуды жазғай! Әмин!
ҚМДБ Шымкент қаласы орталық мешітінің баспасөз қызметі