Қазақта «Ауру айтып келмейді» деген сөз бар. COVID-19 жұқпалы індетінің таралуына байланысты халықаралық деңгейде төтенше жағдай жарияланды. Өкінішке қарай инфекцияның жылдам таралуы қатерге айналып отыр.
Дүниежүзілік Денсаулықты сақтау ұйымы коронавирус COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялады. Осыған орай ел үкіметі індеттің таралмауы үшін дер кезінде профилактикалық шараларды қолға алған алған болатын. Алайда кейінгі кезде індеттің қайта өршігені байқалды. Осыған орай Үкімет түрлі бұқаралық іс-шаралар, отбасылық, еске алу жиындарының тоқтатылуы туралы арнайы қаулы да қабылдап, екі апталық карантин жариялады.
Ислам – адам баласының өміріне, денсаулығына, сеніміне, отбасына және абыройына қасиетті, ең құнды дүние ретінде қарайтын дін. Алла тағала Құран кәрімде: «…өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп қатерге салмаңдар…», дейді. Яғни бұл «Бақара» сүресінің 195-аятының бір бөлігі. Мағынасы өкініші бар қатерден қайтаруды және денсаулыққа қауіп төндіретін, жұқпалы кесірі бар аурулардың таралуының алдын алуды білдіреді. Хадис шәріпте Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылмандарға зиян көруден және өзгелерге зиян келтіруден сақтануды ескерткен.
Әбу Мұса әл-Әшғариден (р.а) риуаят етілген бір хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Үмбетіме қатер қылыш пен обадан келеді» деген кезде бір сахаба: «Уа, Расулалла, қылышты білеміз, ал оба деген не нәрсе?» – деп сұрайды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Көзге көрінбейтін жын секілді дұшпандарымыздың астыртын зиянкестігі. Бұлардың бәріне де шейіт сауабы жазылады», – деп айтты (Әбу Дәуд, Мүснәд). Ислам тұжырымдамасында «Жақсы амалды істеуден зиянды істі қайтару бұрын тұрады» немесе «Қиын іс жеңілдікті талап етеді» деген қағидалар бар.
Араб жылнамашысы әл-Айни жер жүзін жайпаған індет туралы былайша сипаттайды: «749 жылы Халеб, Сирия және Египет жерлеріне таралған оба індеті 750 жылға дейін жалғасты. Дерт жұқтырған адамдар қан құсып, үй-жайынан безіп кетті. Мысыр мен Каирде бір күнде 20 мың, Халебте 5 мың, Шамда мыңдаған адамдар, яғни халықтың 2/3 қырылып қалды. Халық бұл індетті ұлы жұт деп атады». Кейбір жылнамаларда бір күнде 900 мыңға жуық адам қайтыс болған дейді. Болжам бойынша «қара өлім» обасынан 200 млн-ға жуық адам қайтыс болған екен. Осы секілді әр кезеңде жұқпалы індеттер тарап отырғаны тарихтан мәлім.
Дәл осы секілді індет мұсылмандардың әміршісі Хазіреті Омардың (р.а) халифалығы тұсында болған. Хазреті Омар (р.а) Шам қаласына жорыққа шығып, Тәбук маңына жақындап қалғанда Әбу Убайда бин Жарраһ пен оның әскеріне кезікті. Олар Шам қаласында жұқпалы оба ауруының бар екенін айтты. Сонда Хазіреті Омар (р.а) алдымен мұһажирлермен, кейін ансарлармен және Құрайш тайпасының алдыңғы қатарлы азаматтармен ақылдасқаннан кейін: «Мен таңның атуымен Мәдинаға қайтамын. Сіздер де дайындалыңдар» деді. Мұны естіген Әбу Убайд: «Алланың тағдырынан қашып барасың ба?» деді. Хазреті Омар (р.а): «Уа, Әбу Убайда, өкінішті! Мұны сенен басқасы айтқанда ғой! Иә, Алланың тағдырынан Алланың тағдырына қашып барамын».
Осы кезде Абдуррахман ибн Ауф былай деді: «Бұл тақырыпта менің білгенім бар. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деп бұйырды: «Бір жерде оба ауруы шыққанын естісеңдер, ол жерге бармаңдар. Егер бір жерде оба дерті шығып, сендер сол жерде болсаңдар, аурудан қашу үшін басқа жерге шықпаңдар» (Бұхари, Тыб, 30; Муслим, Сәләм, 100). Және мына хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Обадан қашқан адам соғыстан қашқан адамдай күнә жасаған саналады. Ал сабыр етіп, оба шыққан жерден кетпей, ажал тапқан адамға шәйіт сауабы жазылады», – деген (Әбу Дәуд, Мүснәд). «Алапеске шалдыққан адамнан жыртқыш хайуаннан қашқандай қашыңдар (яғни қорғаныңдар). Алапес адам бір жерге баратын болса, сендер басқа жаққа кетіңдер. Алапеске шалдыққан науқасқа көп қарай бермеңдер. Олармен сөйлескен кезде де араларыңда бір немесе екі найза бойы қашықтықты ұстаңдар» деген хадис шәріп арқылы ескерту жасайды (Мүснәд, Ибн-и Масә, ф. Кадир). Бүгінгі күні медицина мамандары бұл қашықтықтың 1-2 метрден кем болмауына кеңес береді. Осы хадисті түсіндіре келе, ертеректе өмір сүрген ғалымдарымыз былай деп өткен: «Алапес ауруына шалдыққан адамның сау адамдармен араласуына болмайды. Билік иелері де оларды сау адамдармен араласуына шектеу қоюы керек. Мысалы, өздерін ғана бір жерге оқшауландыру арқылы т.б. Ал егер мұндай сақтық шараны жасаудан билік иесі бас тартса немесе алапес адам бағынбаса, күнәһар болады. Егер міндетті орындамауға табандылық танытса, пасық болады», – деп қатаң түрде карантин талаптарын сақтауды меңгеп отыр (әл-Бәһути, Кәшфуль Қина).
Жалпы, шариғат талаптарына сәйкес науқасты оқшаулау яғни, карантинде ұстау, оқшаулау – Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті болып есептеледі. Осыған орай айтылған хадис шәріпте: «Алапес ауыруына шалдыққан адамнан арыстаннан қашқандай, қаш!» – делінген (Бұхари, Муслим). Осы орайда Қазақ халқының біртуар зиялы қауым өкілдері тарапынан да жұқпалы індетке байланысты ой-тұжырымдарын назарға салуды жөн санаймын. Алашорда қайраткері, қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың әкесі Ахмет Мамытұлының мына насихатына назар аудару қажет: «…қысқаша болса да, микробтарға қарсы сақтықтар туралы жазып өтейік. Білім жолында микробтарды өткізбей қырып тастайтын жолдар көп. Бірақ оларды қолдану, істеу кез келген қара шаруалардың қолдарынан келмейді. Жалғыз-ақ келетін нәрсе – тазалық, сақтық. Бұл үшін әрбір қазақтың қара шаруасы мына төмендегі жазылған кеңестерді жақсы тыңдап, жаттап алсын.
- Қандай болса да жұқпалы ауру болған жерден де, адамнан да өте сақтан.
- Қолдан келгенше қайнамаған, қуырылмаған астарға әуес болма. Әсіресе ауру шығып тұрған өз үй ішіңде болсын, саған сыбайлас көршілерің де болсын аурулардан сақтану керек.
- Кісі киімін киюге, орнына жатуға, жұқпалы ауруы бар адамдармен бір табақтан ас ішіп, жеуге үйір болма.
- Ауру адамдардың киімдерін, төсек орнын, ыссы суға сарқылдатып қайнатып алмай, отқа аластамай, сабындап жумай тұрып пайдалануға қызықпа.
- Біздің қазақта болатын бүкіл адам бір орамалға бет қол сүрту деген нәрседен де сақтан.
- Жұқпалы аурулардың көңілін сұрап бару дегенді сирет. Сырттан біліп тұрсаң да жарар.
- Кез келген адамның темекі тұқылын алып ауызға былш еткізіп салып қалма, шыдай алмай бара жатсаң ауызға салған жағын жұлып алып таста.
- Кісі мүштегіне үйір болма.
- Қалалы жерге барғанда «қызарғандарына» қызығып кетпе. Қаладағы жаман аурулардың бұлағы – осы қызарғандар. Бұл жас жолдастарға.
- Орыс халқына еліктеп ауыз сүю, қол сүю дегенді әдеттенбе.
- Түрлі адамдар үйіңнен келіп ас-су ішкенде аяқ-табағыңды, майлық-сулығыңды ыссы суға салдырып, жудырып алуға әдеттендір. «Ол өзіміздің пәленшекем ғой, онда не бар дейсің?» деген салдыр салақ қазақшылық істеме. Көбіне сол «пәленшекелеріңнен» ауру жұқтырып алуларың мүмкін…
Міне, осындай жолмен жүргендеріңде ғана, осы күнгі қазақ даласын жайлап бара жатқан түрліше жұқпалы аурулар тоқталар. Бұған көзі ақ-қара танитын азаматтарымыз өте құлақ асуы керек. Надан, қараңғы елге айтып түсіндіруі керек» деп жазады Ахмет Мамытұлы (Серікбол Хасан, «Әлихан, Халел, Ахмет: Жұқпалы ауру жайлы не жазды?»). Қорытындылай келе айтарымыз, адамзаттың өмір сүру салты үшін арналған Ислам шариғаты – түрлі сырқаттан сақтану жолдарын қарастырады. Жұқпалы індет өршіп тұрғын сәтте карантин талаптарына бағынып, денсаулықты сақтау жолдарын қарастыру қажет.
Бақдәулет АБДРАХМАНОВ,
Шымкент қаласының бас имамы