Бүгін елімізге белгілі, ұлағатты ұстаз, дін жанашыры әрі «Сарыағаш» медресе-колледжінің директоры Әбдіғаппар Смановтың қазасы туралы қаралы хабарды естігенде қабырғамыз қайысып, ауыр күйзелісте қалдық.
Бұл жағдай өңір жұртшылығы мен жамағатқа да ауыр тиіп отыр. Осы орайда Шымкент қаласы бойынша өкілдігі мен барша мешіт имамдары атынан Смановтар әулетіне қазаның арты қайырлы болсын деп қайғыларыңызға ортақтаса отырып көңіл айтамыз.
Ұстаз Әбдіғаппар Шәкірұлы өзінің саналы ғұмырында дін исламның өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып, жастарымыздың діни білімі мен сауатының артуы үшін медресе ашқан, мұсылман қауымның иманын күшейту жолында тәлімді уағыз-насихаттарын айтып өткен біртуар азаматымыз, асыл ұстазымыз еді.
Алла Тағала Әбдіғаппар Шәкірұлын өз рахымына бөлесін. Артында қалған ағайын-туысы мен отбасына Алладан көркем сабыр тілейміз.
Алла Тағала егеменді еліміз мен әлем жұртшылығын жұқпалы індеттен аман етіп, басымызға түскен қиындықтарды құлшылық пен көркем сабырмен жеңіп шығуымызды нәсіп етсін. Әмин.
Сманов Әбдіғаппар Шәкірұлы
1970 жылы туған;
Еңбек жолы:
1994 жылдан бастап «Таяқты Ешан» мешітінде бас имам болып, осы мешіт жанындағы
«Убай ибн Кааб» медресесінде ұстаздық қызметін қатар атқарды;
2010 жылдан бастап «Сарыағаш» медресесі директорының орынбасары
қызметіне тағайындалды;
2016 жылы «Сарыағаш» медресе-колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі
орынбасары болып тағайындалды;
2016 жылы желтоқсан айынан бастап «Сарыағаш» медресе-колледжінің
директоры лауазымын атқарды.
ҚМДБ-ның Шымкент қаласыбойынша баспасөз қызметі