Жастық шақ – адамның өміріндегі қабілеттілігі мықты, қайрат-жігерге толы керемет кезеңі. Алла Тағала Құранда «Рум» сүресінің 54-аятында:
«Ол сондай Алла сендерді әлсіз жаратып, сосын әлсіздіктен кейін күш-қуат беріп, сосын күштен кейін нашарлатып, қартайтты…», деген.
Түсінген жанға аяттың мағына мәні тереңде. Жастар қолындағы мүмкіндікті жіберіп алмай, дер кезінде, пайдалы іске жұмсаса, еш өкінбесі анық. Бойда күшің қайнаған жастық шақ қайта келмейді, кәрілік жетсе, жеңбей қоймайды. Қазақтың біртума перзенті Міржақып Дулатовтың:
«Жастық – біздің өміріміздің жазы. Жаздан кейін күз келеді. Сол секілді жастықтан соң кәрілік жетеді. Шаруасына жинақы кісілер жаздың күні қыстың азық-түлігін даярлап қояды. Адам да жасында өнер-білім, жақсы мінездерді бойына жинауға тиіс. Мұнсыз ол қартайған шағында рахат тіршілік ете алмайды» деген ұлағатты сөзінің тағылымы өте терең.
Жастық шақ – қайтып келмейтін көктем, ағысы өзгермейтін өзен, сондай-ақ, аспанда тек бір рет қана жарқ етіп көрінетін жұлдыз. Осы бір құнарлы кезеңнің көктемінде жас топыраққа егін егіп үлгеріп қалмасаңыз күзде мол өнім күтпей-ақ қойыңыз. Жастық шақтың ең айқын ерекшеліктерінің бірі – рухани жетілу мен кемелдікті қабылдауға дайын болуы.
Алла Тағала жоғарыдағы аятта жастық шақты екі әлсіздіктің арасындағы кезең деп сипаттаған. Екі әлсіздік деп балалық шақ пен адамның кәрілік кезеңін айтуда.
Балалық шақ – әлі жетілмеген кезеңі болса, кәрілік шақ адамның жетілгенмен қуаты кеткен кезеңі. Адамның негізгі өмірі – осы орта кезеңді қамтиды. Сол себепті көбірек сұралатын өмір кезеңі де осы екі әлсіздіктің ортасындағы – қуатты кезең.
Жалпы жастардың өмірімізде алатын орны ерекше екендігі шүбәсіз. Егер жас буынымыз салиқалы да қайратты болып өссе, олар мұсылман үмбетін қайта жаңғыртып, отанымыз Қазақстанның дамуына үлкен серпіліс береді. Өйткені, Алла тағала жастарға қажымас қайрат, таусылмас күш-қуат пен ұшқыр ой бергендігі белгілі. Мұндай қасиеттер қарттыққа бет алған адамдарда кездесе бермейтіні рас. Алла елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) үлкендер туралы былай деп айтқан: «Игілік сендердің үлкендеріңмен бірге». Әлбетте, адамның жасы өсе келе оның тәжірибесі, біліктілігі артып, өмірді тереңірек түсінеді. Алайда, оның қуаты әлсіреп, жастардың көтеретін жүгін көтере алмауы әбден мүмкін.
Міне осы тұста жастарымызды отбасы ішінен бастап дұрыс тәрбиелеуіміз қажет. Діни сауаттылығын арттырып, тарихын танытып, құрмет пен ізеттілікке баулуымыз қажет. Әл-Фараби бабамыз «Адамға ең алдымен білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» деген. Сондықтан, жастардың біліміне сай мінезі биязы болса, нұр үстіне нұр. Жалпы әдептілік пен көркем мінез – адамның нағыз көркі.
Біздің дініміз жас буынға ерекше мән береді, өйткені жастар – біздің келешегіміз. Олар біздің орнымызды басып, біз өткенде мұнда өмір сүріп, еңбек етеді. Десек те, бүгінгі таңда жастарымыз көптеген қиыншылықтарға тап болуда. Осы күндері көптеген қауіпті философиялық ағымдар мен секталар жастарымызды жолдан тайдырып, ахлақтарын бұзып, сенімдеріне дақ түсіріп отыр. Ондай ағымдар бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалану арқылы өздерінің уын таратуда. Әлі оңы мен солын, жақсысы мен жаманын ажырата алмайтын жас бауырларымыз өкінішке орай, сол қақпандардан құтыла алмай қалуда.
Алайда, аталған еліктеулердің ең сорақысы – сенімдегі ауытқу. Кейде мұсылман жеткіншек аттеисттікке немесе басқа дін өкіліне, не бір ағымға кіріп қалуы мүмкін. Оны қауіпті уағыздар мен ағымдар еліктіргенде, ол мұндай ағымға қарсы тұра алмай қалады. Өйткені ол әлі жас, жеңіл ойлы, әлжуаз. Сондай-ақ, оның ағымға қарсы тұруға ілімі де, білімі де жоқ, шамасы да жетпейді.
Мұндай қасіреттен жастарды әуелі ата-ананың діни-рухани тәрбиесі ғана қорғайды. Ата-ананың дер кезіндегі бұндай тәрбиесі өз кезегінде балаға қалқан болып, оны түрлі күдіктер мен құмарлықтардан сақтайды. Жас баланың діни сауттылығын арттырып, Мешіт, Медреселерде оқытады. Абай атамыз айтқандай: «Адамды заман өсіреді, егер кімде-кім жаман болса, онда сол үшін бүкіл замандастары кінәлі» деген. Сол себепті жастарымыздың қоршаған ортасына аса мән беруіміз қажет.
Құрметті мұсылман үмбеті, әсіресе жастарымыз, біздерден бұрын өткен Сахабаларымыздың, ғалымдарымыздың және Ата-бабаларымыздың өмірлерін, дінін, дәстүрін бойымызға сіңіруіміз қажет. Сонда ғана ертеңіміз жарқын, еңсеміз биік болмақ.
Керімбеков Анарғали Пірәліұлы
ҚМДБ Шымкен қаласы Жастар ісі секторы Жауаптысы, орталық «Ақмешіт» найб имамы