Бақдәулет қажы Абдрахманов, ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша бас имамы
Күллі пайғамбарларға сену – иманның негізгі шарттарының бірі. Бұл жөнінде қасиетті Құран Кәрімде: «Кім Аллаға, ақырет күніне, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға иман келтірсе… міне солар шыншылдар, әрі солар тақуалар», [1] – деген болады. Әрбір мұсылман пайғамбарларды алаламай, бірдей иман етуді парыз еткен. Бұл жайлы Құранда: «Алла Елшісі Раббы тарапынан өзіне түсірілгендерге иман етті және мүміндер де (иман етті). Барлығы Аллаға, періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына және ақырет күніне иман етті. Елшілердің араларын айырмаймыз, естідік те бойұсындық. Раббымыз! Сенен жарылқау тілейміз, қайтып барар жеріміз де Сенің құзырың — дейді» [2].
Осы орайда, «Пайғамбар» мен «Нәби» сөзінің айырмалығына назар аударуды жөн санаймын. Жалпы, «Пайғамбар» сөзі парсы тіліндегі «пейгам» (хабар) «бер» (әкелуші) деген сөздерінен алынған. Қазақша «хабаршы» деген мағынаны білдіреді. «Пайғамбар» сөзін араб тілінде «Расул» (Елші) дегенге саяды, ал «Нәби» сөзі (хабаршы) деп қолданылады.
Нәби – Алланың әмірлері мен тыйымдарын адамдарға хабардар етуші, Нәбидің өзінен бұрын келген пайғамбардың ісін жалғастырған хабаршы деген анықтама беруге болады. Бұл «нәби» мен «расул» ұғымдарының арасында айырмашылық бар екенін ұғындырады. Расул – өзіне жаңа кітап, шариғат түсірілген пайғамбар. Барлық Расулдар, яғни Алланың Елшілері пайғамбар, нәби болып есептеледі. Алайда барлық нәби яғни пайғамбар расул болып есептелмейді.
Бір хадисте Алланың Елшісінен (с.а.с) сахабалары: «Өзіңізден бұрын қанша пайғамбар түсірілді?» – деп сұрағанда, ол: «Жүз жиырма төрт мың», – деп жауап берген. Ал, «Олардың қаншасы расул?» – деп сұрағанда: «Он үш мың үш жүзі Расул», – деген. Құранда есемідері аталған Ибраһим (а.с), Дәуіт (а.с), Мұса (а.с), Иса (а.с), Мұхаммед (с.а.с) сияқты пайғамбарлар Нәби әрі Расул болып саналады. Пайғамбарлар да біз секілді адамдар. Яғни, ішіп-жейді, үйлі-жәйлі, балалы-шағалы болады. Қуанады, қайғырады, ауырады және өзгелер секілді жан тапсырады.
Жаратқан бұл жайында Құранда былай деп баяндайды: «Біз оларды (пайғамбарларды) жеп-ішпейтін бір жан (періште) қылып жаратпадық. Олар (бұл дүниеде) мәңгілік те емес», – деген [3]. Бірақ, ауыр міндеттер жүктелген пайғамбарлардың бойында міндетті түрде табылуы тиіс болған бір қатар қасиет-сипаттар да бар. Олар төмендегіше:
1. Сыдық – тура, әділ болу. Пайғамбарлар тура әрі шыншылдығымен тайға таңба басқандай тарихта өз аттарын қалдырып, осы қасиетімен ерекшеленген. Жалған сөйлемейді, біреуді алдап-арбап, өзгенің ақысын жемеген-ді.
2. Аманат – сенімді, аманатқа қиянат етпеу. Бұл да пайғамбарлардың баршасына тән қасиет.
3. Исмат – күнәдан пәк болу. Ол кісілер пайғамбар болғанға дейін де, болғаннан кейін де ондай істерден аулақ болған. Пайғамбарларда мұндай қасиет болмаса олар халыққа елшіліктерін дәлелдей алмаған болар еді. Үмметі олардан үлгі-өнеге алып, оларға ұқсап бағуға тырысады. Сол себепті Алла Тағала оларды күнә істерден сақтайды.
4. Фатанат – ақылды және зейінді болу. Пайғамбарлар адамзат арасында зейінділік пен парасаттылық жағынан ең үстемдері.
5. Таблиғ – Илаһи әмірлер мен тиымдарды адамзат баласына еш өзгертусіз, қаймықпай жариялайды [4]. Осы тұста, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с) өзге пайғамбарлардан артық қасиеттерін баяндап кетейік. Олар: – Барлық пайғамбарлардан дәрежесі жоғары. Хабибулла яғни, Алланың ең сүйікті құлы. – Күллі адамзат пен жындарға жіберілген. – Пайғамбарлар сардары, мөрі әрі ең соңғысы (Хатамул Әнбия).
Яғни одан кейін пайғамбар мүлдем келмейді. – Барша әлемге рахым ретінде жіберілген. – Жеткізген уахиы, шариғаты қиямет күніне дейін жалғасын табады. Жалпы, қорытындылай келе, Пайғамбарлар – біз үшін көшбасшы, илаһи хабаршылар.
«Күмәнсіз, сондай-ақ, Аллаға, пайғамбарларына қарсы келгендер, олар Алла мен пайғамбарының арасын айыруды қалайды. (Пайғамбарлардың) кейбіріне сенеміз де, кейбіріне сенбейміз дейді. Сөйтіп, олар екі ортадан жол табуды қалайды. Міне, олар анық кәпірлер. Кәпірлер үшін қорлаушы азап дайындадық», – деген [5].
Демек, барлығына бірдей сену, иман келтіру парыз болып саналады. Пайғамбарлардың өмір тарихы мен өнегелі істеріне амал етуіміз қажет.
[1] «Бақара», 2/177.
[2] «Бақара», 2/285, 136, 253.
[3] «Әнбия», 8.
[4] http://fatua.kz/kz
[5] Ниса», 4/150-151.