Пайғамбардың әйелі болу мен мұсылманның әйелі болу арасында өте тығыз байланыс бар. Өйткені пайғамбар әйелі пайғамбарға лайықты болса, мұсылманның әйелі мұсылманға лайықты болуы керек. Пайғамбар мен қарапайым мұсылманның ғұмыр жолында өмірлік жолдасы, әсіресе ер кісінің жан жолдасы – нәзік жандылардың қандай болмағы аса маңызды жәйт. Бұны тереңірек түсінуіміз үшін тақырыпты біраз тарқатып көрелік. Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) ең алғаш уахи келгенде, яғни пайғамбарлығының ең қиын тұсында, адамзат тарихындағы аса маңызды бір белес басталғалы тұрған шақта жан баласынан Оны (с.ғ.с.) бірінші болып құптап-қолдап, демеу болған, алғаш болып иман келтірген, сабырлылық танытып, Оны (с.ғ.с.) сүйіншілеген, әйелдердің ардақтысы, асыл тұлғалы хазреті Хадиша (р.а.) анамыз болатын. Сол бір кезге көз жүгіртсек, оқиға былай болған-ды. Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) алғаш рет уахи келгенде, бір жағынан қорқып, бір жағынан сескеніп үйіне келіп:
– Менің үстімді жабыңдар, үстімді жабыңдар, – деп қобалжығанда, хазреті Хадиша (р.а.) анамыз пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз-өзіне келіп есін жиғанша үстін жауып отырады. Кейін пайғамбарымыз (с.ғ.с.) басын көтеріп, хазреті Хадишаға (р.а.):
– Басыма бір жаманшылық келе ме деп қорқамын, – дейді. Сонда абзал жұбайы:
– Жоқ, Аллаға ант етейін, Алла тағала Сізді әсте жерге жықпайды. Өйткені Сіз туысқандарыңызға көмектесесіз. Өзгелердің қамын ойлайсыз, кедейді қолпаштап, қонақ күтіп, дұрыстықты жақтайсыз, – дейді.
Тағы бірде хазреті Хадиша анамыз (р.а.) пайғамбарымызды (с.ғ.с.) пайғамбарлығымен құптау үшін:
– Уа, көкемнің баласы! (Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бен хазреті Хадишаның (р.а.) шежірелері Құсай деген бабаларында бірлеседі) Періште келгенде маған хабар берсеңіз қалай болар екен, – дейді. Расулулла (с.ғ.с.):
– Жарайды, – деп жауап қайырады.
Бір күні Хадишаның (р.а.) қасында отырғанында пайғамбарымызға (с.ғ.с.) Жәбірейл періште келеді. Сонда хазреті пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
– Әй, Хадиша! Әне, бұл Жәбірейл (ғ.с.), маған келіп тұр, – дейді. Хазреті Хадиша (р.а.):
– Қазір оны көріп тұрсыз ба? – деп сұрайды.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
– Иә, – дейді. Сосын хазреті Хадиша (р.а) Алла елшісінен (с.ғ.с.) өзінің оң жағына отыруын сұранады. Расулулла (с.ғ.с.) хазреті Хадишаның оң жағына барып отырады. Хазреті Хадиша тағы да: «Оны көріп тұрсыз ба?», – деген сұрағын қайталайды. Расулулла (с.ғ.с.) көріп тұрғанын айтады. Хазреті Хадиша орамалын шешіп тастайды. Бірақ ол уақытта әлі де Расулулланың құшағында отыр еді. Хазреті Хадиша (р.а.):
– Оны қазір де көріп тұрсыз ба? – деп сұрағын және қайталайды. Расулулла бұл жолы «жоқ» деп жауап қайырған соң, хазреті Хадиша:
– Уа, көкемнің баласы! Сізге сүйінші! Бұл шайтан емес, бұл періштенің нақ өзі. Уайымдамаңыз, бекем болыңыз! – дейді. (Ибн Исхак, әс-Сира, 114-бет).
Қараңыздаршы, неткен ақылды әрі парасатты жандар болған пайғамбар әйелдері. Ойлап көрсеңіз, хазреті Хадиша (р.а.) анамыз бір пайғамбарға, яғни Алла тағаланың ең сүйікті елшісіне келген мақұлықтың (жаратылғандардың барлығына берілген атау) періште ме, әлде шайтан ба екендігінің ара-жігін ажыратып, нүкте қойып берген. Осыншалықты ақылды, иманды һәм сабырлы әйел адамзаттың асылы – пайғамбарымызда (с.ғ.с.) ғана болған шығар деген ойға келесің. Әрине, бұл оқиғаларға қарап біз де бойымызды түзеуіміз керек. Әрбір мұсылман азамат-қа өзіне сай мұсылман нәзік жандылар табылады. Біздің мұндағы меңзеп отырғанымыз, әр мұсылман ер адамға мынау жалған өмірде, тірліктің небір қатпарлы әрі қиын шақтарында иманды, парасатты әйелдің рухани-моральдық жағынан дем беруі, тірек болуы өте маңызды. Өйткені жоғарыда келтірілгендей, пайғамбарға екі дүние үшін маңызды жаңа діннің алғашқы уахиы келіп, жер бетіндегі ешбір пенде әлі естімей де, қолдамай да, құптамай да тұрған шақта алғаш болып иман келтіріп, пайғамбарды сүйіншілеп, «бекем болыңыз» деп ескертуі – қаншалықты ірілік, қаншалықты тұлғалылық десеңізші. Қазіргі таңда бізге жетпей жатқандығы да осы болса керек.
Көбінесе осы қоғамның негізгі іргетасындай болған әйел заттарының қадірін ескермей жататындар көптеп кездеседі. Қоғамның анасы десе, анасындай болған нәзік жандаларды төмен түсіріп, оларға менсінбей қараушылықтың бары рас. Біз айтып отырған нәрсе – ер азаматтарды жүгендеп мініп алып, жаратылғандағы табиғи ерекшеліктерге қарсы келіп, қоғамның ырқын бұзу емес. Біздің мақсат – осы нәзік жандылардың отбасындағы және қоғамдағы орны ерекшеленіп, олардың қадір-қасиетін түсініп, әйел адамға құрмет көрсетілсе деген тілек қана.
Ата-бабамыз «Әйел – әлемді тербетеді», «Әйел – болашықтың шамшырағы», «Әйел – келешектің кепілі», «Әйел – қоғамның іргесі», «Әйел – отбасының ұйытқысы» деп бекер айтпаса керек-ті. Әрбір отбасын басқарар отағасы – жанұяның тірегі, негізі, басшысы. Ал әйел баласы оның қосшысы әрі ер басына күн туғанда қолдап, қол ұшын берер көмекшісі, жығылғанда сүйеніші, бір сөзбен айтқанда, хадисте баяндалғандай, ер кісінің қабырғасы. Міне, қазақтың бір мәселе шыққанда, жұбайын меңзеп: «Қабырғаммен кеңесейін» деген дұғалы сөзі осыдан қалса керек. Әрине, ол үшін де әйел баласы өз-өзін жан-жақты тәрбиелеуі қажет. Өйткені, болашақтың кепілі, елдің тірегі – мызғымас қоғам. Ал, қоғамды құрайтын – ол қазіргі жас өспірімдер мен жастар. Ал, жастарды жөргегінен бастап тәрбиелейтін, әрине, нәзік жандылар. Сол үшін ертең елдің тізгінін иманды әрі ақылды, парасатты азаматтардың ұстағанын қаласақ, қазірден бастап, ел болып, ерлер болып, әйел адамдардың қоғамдағы орны мен бағасын тани білейік!