Хазреті Омардың (р.а.) Алланың тағдырынан қалай қашқаны жайлы…
«Жер бетінде болатын (қуаңшылық, зілзала, топан су сынды) қандай апат болмасын, яки бастарыңа келетін (ауру-сырқау, ашаршылық, жақындарыңнан немесе дүние-мүліктеріңнен айырылу сынды) қандай ауыртпалық болмасын, бәрі де Біз оларды жаратпай тұрып-ақ кітапқа (лаухул-махфузға, тағдыр тақтасына) жазылған. Шүбәсіз, бұл Алла үшін оп-оңай.» («Хадид» сүресі, 22- аят).
«Тағдырға иман әр түрлі қайғы мен қасіретті жеңілдетеді.» Хадис (Суюти, Жәмиус-Сағир, І, 107).
Бірде хазреті Омар (р.а.) жолаушылап бара жатқан Шам қаласында жұқпалы індеттің шыққаны белгілі болады.
Бұл хабарды жолда естіген Омар (р.а.) жанындағы үзеңгілестерімен ақылдаса келе кері қайтуға шешім қабылдайды. Сонда сахаба Әбу Үбәйда ибн Жәррах (р.а.) одан:
«Алланың тағдырынан қашып барасың ба?» – деп сұрайды.
– «Иә, Алланың тағдырынан қашып, Алланың тағдырына бара жатырмын. Егер де сенің түйелерің болса, ал алдыңнан бір жағының шөбі шүйгін, екінші жағы сортаң жайылым кезіксе, түйелеріңді қалауыңмен шөбі шүйгін жағына жайсаң да, Алланың тағдырымен, сортаң жағына жайсаң да Алланың тағдырымен жайған болмайсың ба?», – деген екен.