Бүгін, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов әлемді жайлаған пандемияға байланысты елдегі төтенше жағдай жариялануына орай, қасиетті Рамазан айында ауызашар орнына мың отбасыға азық-түлік үлестірді. Олардың ішінде шаһардағы 300-ден астам мешіттерде қызмет етіп жүрген діни қызметкерлер де бар.
Игілікті шара Шымкент орталық мешітінде ұйымдастырылып, көмек әрі Рамазан сыйлығы ретінде көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға таратылды. Ал шараның өткізілуіне және тізім әзірлеуге ҚМДБ Шымкент қалалық «Зекет» қоры өкілдері атсалысты.
«Баршаңызға қасиетті Рамазан айының келуімен және 1-мамыр Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтаймын. Осындай айтулы күнде қала әкімі шаһардың орталық мешітімізде төтенше жағдай талаптарын ескеріп тұрғындарға ауызашар орнына Рамазан сыйлығын таратып жатыр. Алла Тағала ол кісіге разы болсын, жұмысына сәтілік тілейміз», – деді Бас имамы Бақдаулет Абдрахманов.
«Өзім алты баланын анасымын. Мына карантин жағдайында табысымнан қағылып, қиын жағдайға тап болдық. Мың отбасыға қамқорлық жасап, азық-түлік үлестірген қала әкіміне алғысым зор. Істеріне сәттілік тілеймін», – деді батыр ана Сәнсенкүл Тасқараева.
Айта кету керек, Шымкент қаласының әкімі күні кеше қайырымдылық негізінде 63 тонна қырыққабат (капуста) таратқан болатын. Алла Тағала қайрымды жандардың істеріне берекет берсін!
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы
бойынша баспасөз қызметі