САБЫРЛЫ БОЛУ – АСЫЛ ҚАСИЕТ

         Күллі әлемнің иесі Аллаға мақтау, мадақтар болсын. Әлемге қамқорлық әрі ескертуші ретінде жіберілген әлемнің ең соңғы Пайғамбары Мұхаммедке (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сәлем әрі салауат   болсын!

         Жалпы, сабырлық (صَبْرٌ – сабр) сөзінің тілдік мағынасы «шыдамдылық ету» дегенге мағына береді Шариғаттағы мағынасы  Алла Тағаланың разылығы үшін өмірдегі қиындықтарға төзу, шыдамдылық ету деген.

         Алла  Тағала Құранда мұсылмандарға тән сипатының бірі – сабырлық деген. Сабырлы болу Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) асыл қасиеттерінен екенін білу қажет. Біздер пайғамбарымыздың жолын үлгі тұтуымыз қажет.  Сабырлы болу адам бойындағы ең бір ізгі тамаша қасиеттердің бірі.

            Сабырлы болу жайында Құран Кәрімнің «Әли Имран» сүресінің 146-аятында:

          «Алла сабыр етушілерді сүйеді», – делінсе, «Нахл» сүресінің 96-аятында:

         «Расында, сабыр еткендерге жасаған амалдарынан да жақсы сый береміз», – деп айтылады.

         Қасиетті Құран Кәрімде сабырлылықтың хикметі туралы жетпіске жуық аят бар. Алла Тағала «Бақара» сүресінің 153-аятында:

          «Ей, иман келтіргендер, сабыр және намазбен көмек сұраңдар. Күмәнсіз Алла сабырлық қылушылармен бірге», – деп бұйырады.

         Бұл туралы Пайғамбарамыз  (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бір хадис-шарифінде:

          «Табаныңа шөңге кіргенде, Алланың разылығы үшін қаншалықты сабырлық таныта алсаң, саған соншалықты сауап (каффарат) жазылады», – дейді. (Имам Бұхари)

         Алла Тағала былай дейді:

         «(Мұхаммед ғ.с.) сабыр ет. Расында, Алла жақсылық істеушілердің еңбегін (сауабын) жоймайды («Худ» сүресі, 115-аят).

         Жалпы, сабырлы болу үшін мына негізі қасиеттерді ұдайы бойымызда табылы қажет.

  • Түрлі қиындықтарға сабырлылық таныту;
  • Жолда жүргенде жол ережесін бұздай, көлікті ережеге сай жүргізіп сабырлы болу;
  • Шәкірттерге және өз перзеттеріңе тәлім-тәрбие беру ісінде сабырлы болу;
  • Біреу сөгіп, жамандап, ғайбаттаса да сабырлы болу, мұның артында үлкен хикмет бар;
  • Ауруға сабырлы болу;
  • Адам баласы Алла Тағаладан тілеп, дұға еткенде неге менің дұғам тез орындалмай жатыр деп сабырсыздық танытпау;
  • Ашуды жеңе білу – ол да сабырлық болып саналады.

Сабыр үш түрге бөлінеді:

    1. Алла Тағаланың бұйырған әмірін орындау кезінде, яғни құлшылықта сабыр ету. Мысалы, намаз оқудағы сабыр, суық күнде дәрет алуда, ораза, қажылық т.б уақыттардағы сабырлық ету;

    2. Алла Тағаланың тыйым салған нәрселеріне жоламау мақсатындағы сабыр. Мысалы, өз қалауларын, құмарлығын, албырт сезімдерін тыю. Зиян әдеттермен исламда құпталмайтын нәрселерден бас тарту.

   3. Қиыншылық пен қайғыда, науқастанғанда Алла Тағаланың көрсеткен тағдырына сабыр ету. Тек бір ғана нәрсені қалау, ол – Алла Тағаланың ризалығы.

Түйін

           Қорытындылай, түйіндей келе айтпағымыз, тәуелсіздігіміз баянды, еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Жаратушы Иеміз баршамызды сабырлы болуға жазсын! Сабырлылық – баршамызға қажеттіліктердің бірі. Ендеше сол қажеттіліктен құр қалмайық, ағайын! Әмин!

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38