Ислам – мұсылмандарға өмірдің барлық саласын түгел қамтып, басшылыққа алатын шариғат шеңберін айқын көрсетіп берген дін. Шариғат заңнамасының негізгі қайнар көзі – Құран Кәрім мен Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың сүннетінде нақты не жанама түрде ескерілмей, қалыс қалған мәселе жоқ. Солардың бірі мұсылман жұртшылығының ас-ауқат, тағамына қатысты. Алла Тағала жер бетіндегі барлық нәрсені адам игілігі үшін жаратқан. Аспан мен жердің арасындағы ұшқан құс, жүгірген аң, сан түрлі жеміс-жидек, көкөніс – барлығы да қазынасы кең Ұлы Жаратушы тарапынан пенделеріне берілген. Ағыл-тегіл, көл-көсір нығметтерді құлдарына берген Раббымыз солардың адалын пайдаланып, ал арамынан аулақ болуды Құранда қатаң ескерткен:
يَا أَيُّهَا النَّاسُ كُلُوا مِمَّا فِي الأرْضِ حَلالا طَيِّبًا
«Әй, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер!» («Бақара» сүресі, 2/168);
وَكُلُوا مِمَّا رَزَقَكُمُ اللَّهُ حَلالا طَيِّبًا
«Алланың өздеріңе халал әрі таза етіп берген ризықтарынан жеңдер!» («Мәида» сүресі, 5/88).
Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мүміндерге мейлінше харамнан сақтану керектігін өсиет еткен. Сондай-ақ, харам нәрселерді пайдалануда адамның ақиреті мен дүниесіне тиетін зияны мен қауіпі барын ескертіп, харамнан бойын сақтаған адамның екі дүниенің нығметіне кенелетінін сүйіншілеген.