Қазақта: «Ағаш көркі-жапырақ, адам көркі-шүберек» деген нақыл сөз бар. Киім адамның өңін ашып, қана қоймай оның ұятты жерлерін жасырады. Адам киген киімімен көрікті көрінетіндігі анық. «Таныған жерде өң сыйлы, танымаған жерде тон сыйлы» деген нақыл сөз осыдан қалса керек.
Асыл дініміз исламда киімге байланысты көптеген толғамдар бар. Қасиетті Құранның «Аъраф» сүресінің 26-аятында: «Ей, Адам ұрпақтары! Сендерге ұятты жерлеріңді жабатын киім түсірдік әрі сәндік киімдерді де. Ал, тақуалық киімі қайырлы. Бұл олардың еске алуы үшін Алланың белгілерінен» деп үкім етілген. Және де «Ей, адам ұрпақтары! Әрбір сәжде жасайтын орында көрікті (киімдеріңді) киіңдер. Жеңдер, ішіңдер, ысырап етпеңдер. Ақиқатында, ол ысырап етушілерді жақсы көрмейді» («Аъраф», 31-аят),-деп, Ұлы Алла Тағала киім кию әдебіне айырықша қарапайымдылықты, тазалықты, тартымдылықты уағыздаған.
Алла Тағала адам баласына киім тазалығы жайлы қасиетті Құранның «Муддәссир» сүресінің 4-аятында: «Әрі киіміңді тазала!» -деп бұйырады.