Намаз – ұлық ғибадат
  1. КІРІСПЕ:

Намаз – діннің тірегі, құлшылықтың ең абзалы. Исламның негізгі бес парызының бірі. Намаз – өзін мұсылман санайтын кісіні Жаратушысына мойынсұндырып, қанағат пен өзге де қайырлы қадамдарға бастайтын ғибраты мол ғибадат. Сондай-ақ, ол – жат әдеттер мен арсыздықтан тыятын, азғындықтан сақтайтын құлшылық һәм рухани азық. Қысқасы, намаз – жұмақтың кілті. Сондықтан намазды дұрыс орындау – мұсылмандар үшін ең маңызды міндет. Ардақты Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) намазға былайша анықтама берген: «Уа, үмбетім һәм сахабаларым! Бүкіл шарттарына сай толық орындалған намаз – Алла Тағала жақсы көретін істердің ең мәртебелісі, пайғамбарлардың сүннеті, періштелердің ең сүйкімді ісі, жер мен көктің нұры, тән саулығының қайнар көзі, ризық-несібенің берекесі, дұғалардың қабыл болуына септігін тигізетін себептердің үлкені, жан алғыш періштеге араша түсетін шапағатшы, қабір әлемінде Нәкір мен Мүңкір атты періштелердің азабынан құтқаратын жауап. Қиямет күнінде – жанға сая. Жәһаннам отына тосқауыл қоятын перде. (Қылдан жіңішке, қылыштан өткір) Сират көпірінен жарқ еткізіп өткізетін пырақ. Жұмақтың кілті. Жұмақ жұртында киер тәжің. Алла Тағала мүміндерге намаздай маңызды құлшылық жүктемеген. Егер намаздан артық ғибадат түрі болғанда, Алла Тағала құлдарына соны міндеттер еді. Шын мәнінде, періштелердің бір шоғыры ұдайы намаздың қиямында, тағы бір бөлігі үнемі рүкүғта, тағы бір тобы сәждеде, енді біреулері тәшәһһуд қалпында құлшылық етіп тұрады. Міне, осылайша құлшылықтың хикметке толы қасиеттерін бір рәкағат намазға жинақтап, мүміндерге сыйлады. Ақиқатында, намаз – иманның басы, діннің тірегі, Исламның сөзі әрі мүміндердің миғражы».

  1. ҚҰРАН АЯТТАРЫ:

Бірінші аят:

الَّذِينَ يُؤْمِنُونَ بِالْغَيْبِ وَيُقِيمُونَ الصَّلاةَ وَمِمَّا رَزَقْنَاهُمْ يُنفِقُونَ «Олар ғайыпқа иман келтіреді, намазды толық орындайды, өздеріне берген несібемізден (Алла жолына) жұмсайды»[1].

Қысқаша түсіндірме: Аяттың тәпсіріне байланысты сахаба Абдулла ибн Аббас (Алла ол кісіден разы болсын) былай деген: «Намазды толық орындау» дегеніміз: намазда рукуғ, сәжде жасау, және тилауат пен хушуғты толық орындау» дегенді білдіреді.

Екінші аят:

وَأَقِيمُوا الصَّلَاةَ وَآتُوا الزَّكَاةَ وَارْكَعُوا مَعَ الرَّاكِعِينَ«Намазды толық орындаңдар, зекетті беріңдер, сондай-ақ иілушілермен бірге иіліңдер»[2].

Қысқаша түсіндірме: Аяттың тәпсіріне байланысты тәпсірші Мұхаммед Али ас-Сабуни былай деген: «Сіздерге парыз болған намаз бен зекетті орындаңдар, намазды жамағатпен немесе Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларымен бірге орындаңдар».

Үшінші аят:

وَاسْتَعِينُواْ بِالصَّبْرِ وَالصَّلاَةِ وَإِنَّهَا لَكَبِيرَةٌ إِلاَّ عَلَى الْخَاشِعِينَ «Сабыр және намазбен жәрдем тілеңдер. Расында намаз ынталылардан басқаларға ауыр келеді»[3].

Қысқаша түсіндірме: Бұл аятты тәпсірші Мұхаммед Али асСабуни былай түсіндірген: «Барлық ісәрекеттеріңізде нәпсілеріңізге ауыр келетін діни міндеттерңіздің жауапкершілігін сезіне отырып, діннің тірегі намазды оқи отырып, Алладан жәрдем сұраңыз. Еш күмәнсіз намаз Алла разылығы үшін рухани тазарған, мойынсұнғыш және кішіпейіл жандардан басқаларға қиын әрі ауыр келеді».

Төртінші аят:

فَأَقِيمُوا الصَّلاةَ إِنَّ الصَّلاةَ كَانَتْ عَلَى الْمُؤْمِنِينَ كِتَابًا مَوْقُوتًا«Намазды кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқыңдар. Шүбәсіз, намаз мүміндерге белгілі уақыттарда парыз етілді»[4].

Қысқаша түсіндірме: Намазды барлық шарттарын ескере отырып, әр қимылын ерекше құлшыныспен орындаңдар және мұсылман үшін әр намаздың өзіне тән уақыты бар екенін және уақытында оқылған намаздың Алла үшін ең сүйкімді амалдардан екенін естен шығармаңдар. Жоғарыдағы аятта «белгілі уақыттарда» деген сөздің мағынасы әр парыз намаздың өзінің уақыты бар екенін білдіреді. Қандай жағдай болса да оның парыздығы сол уақыттардан шықпайды. Уақыты өтіп кеткен намаз қаза болып саналады. Толыққанды қазасын өтегеннен уақытында өтеген әлдеқайда абзал.

Бесінші аят:

وَأَقِيمُواْ الصَّلاَةَ وَآتُواْ الزَّكَاةَ وَمَا تُقَدِّمُواْ لأَنفُسِكُم مِّنْ خَيْرٍ تَجِدُوهُ عِندَ اللّهِ إِنَّ اللّهَ بِمَا تَعْمَلُونَ بَصِيرٌ«Намазды толық орындаңдар, зекет беріңдер. Өздерің үшін ілгері бір жақсылық жолдасаңдар, оны Алланың қасында табасыңдар. Шынында Алла Тағала не істегендеріңді толық көруші»[5].

Қысқаша түсіндірме: Исламның екі негізі намаз бен зекетті ең көркем түрде орындауды жалғастырыңдар. Дене және мал-мүлкпен орындалатын құлшылықтарды толықтай орындау арқылы Аллаға жақындаңыздар. Мейлі парыз намаздарды орындаңыздар, мейлі нәпіл намаздар оқыңыздар, мейлі садақа беріңіздер сауабын Алланың құзырында табасыздар. Еш күмәнсіз Алла істеген амалдарыңызды көріп, бақылаушы.

Алтыншы аят:

فِي جَنَّاتٍ يَتَسَاءَلُونَ .عَنِ الْمُجْرِمِينَ . مَا سَلَكَكُمْ فِي سَقَرَ. قَالُوا لَمْ نَكُ مِنَ الْمُصَلِّينَ«Жұмақтықтар жұмақта жүріп, тозақтықтардың жағдайы жайлы бір-бірінен сұрасады. Сонда тозақтықтардан: «Сақар жаһаннамына кірулеріңе не себеп болды?» – деп сұрайды. Сонда олар: «Біз намаз оқымайтын едік», – деп жауап қатады»[6].

Қысқаша түсіндірме: Намаз оқымаған адамдар үшін қияметте ауыр азап бар екендігі ескертіледі. Ал, намазына берік тақуа құлдарға мол сауаптың білдіретіндігі жайлы көптеген риуаяттар бар. Соның бірінде қияметтің қиын сәттерінде нәпіл намаздың өзі парыз намаздың толықпай қалған орнын толтыратындығы айтылады.

  1. ХАДИСТЕР:

Бірінші хадис:

إِنَّ أَوَّلَ مَا يُحَاسَبُ بِهِ الْعَبْدُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ مِنْ عَمَلِهِ صَلَاتُهُ فَإِنْ صَلُحَتْ فَقَدْ أَفْلَحَ وَأَنْجَحَ وَإِنْ فَسَدَتْ فَقَدْ خَابَ وَخَسِرَ«Қиямет күні пенденің амалдарынан ең әуелі сұралатыны – намаз. Егер намазы дұрыс болса, онда пенде қуанышқа бөленіп, игілікке қол жеткізеді. Егер намазы дұрыс болмаса, онда апатқа ұшырап, қайғыға түседі»[7].

Екінші хадис:

سَأَلْتُ النَّبِيَّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: أَيُّ العَمَلِ أَحَبُّ إِلَى اللَّهِ؟ قَالَ: «الصَّلاَةُ عَلَى وَقْتِهَاАбдулла ибн Аббас (р.а.) Пайғамбарымыздан (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла құзырында ең сүйікті амал қайсы?» деп сұрадым. Ол: «Уақытында оқылған намаз»[8], – деді. Яғни Алла Тағаланың құзырындағы ең сүйікті амал ол – намаз құлшылығы.

Үшінші хадис:

أَرَأَيْتُمْ لَوْ أَنَّ نَهْرًا بِبَابِ أَحَدِكُمْ يَغْتَسِلُ مِنْهُ كُلَّ يَوْمٍ خَمْسَ مَرَّاتٍ هَلْ يَبْقَى مِنْ دَرَنِهِ شَيْءٌ؟ قَالُوا: لَا يَبْقَى مِنْ دَرَنِهِ شَيْءٌ. قَالَ: فَذَلِكَ مَثَلُ الصَّلَوَاتِ الْخَمْسِ يَمْحُو اللَّهُ بِهِنَّ الْخَطَايَا«Сен­дер­дің ара­ла­рың­нан бір адам­ның есі­гі­нің ал­дын­да өзен ағып, ол сол өзен­ге кү­ні­не бес рет шо­мыл­са, ол адам­да кір қа­ла­ ма – деп сұ­ра­ған­да, са­ха­ба­лар: «Жоқ қал­майды», – деп жауап қайыра­ды. Сон­да Алла Ел­ші­сі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Судың кір­ді та­за­лайты­ны секілді бес уа­қыт на­маз да кү­нә­лар­ды та­за­лайды»[9], – деп мұсылмандарды сүйіншілеген.

Төртінші хадис:

الصَّلَوَاتُ الْخَمْسُ وَالْجُمْعَةُ إِلَى الْجُمْعَةِ وَرَمَضَانُ إِلَى رَمَضَانَ مُكَفِّرَاتٌ مَا بَيْنَهُنَّ إِذَا اجْتَنَبَ الْكَبَائِرَ«Бес уа­қыт на­ма­з, жұ­мадан жұмаға дейінгі, рамазаннан рамазанға дейінгі аралықта үлкен кү­нә жа­са­ма­ған адам­ның кү­нә­ла­ры­ кешіріледі»[10].

Бесінші хадис:

عَلَيْكَ بِكَثْرَةِ السُّجُودِ، فَإِنَّكَ لَا تَسْجُدُ لِلَّهِ سَجْدَةً إِلَّا رَفَعَكَ اللَّهُ بِها دَرَجَةً، وَحَطَّ عَنْكَ بِها خَطِيَئَة«Сәждені көбірек жаса, әр сәжде жасаған сайын Алла сенің дәрежеңді жоғарылатады және сенің күнәңді өшіреді»[11].

Алтыншы хадис:

مَنْ غَدَا إِلَى الْمَسْجِدِ أَوْ رَاحَ، أَعَدّ اللَّهُ لَهُ فِي الْجَنَّةِ نُزُلاً كُلَّما غَدا أَوْ رَاحَ«Кім мешітке барса (намаз оқу үшін) Алла Тағала сол құлы үшін барған сайын жәннатта жаңа жай (қонақ үй) дайындайды»[12].

  1. ҚИССАЛАР:

Бірінші қисса:

Бiрде Хазіреті Али таң намазына ұйықтап қалып, оянған соң қатты өкiнедi. Өзiн-өзi кешiре алмай күнi бойы күйiнедi. Ертесiне таң атпай оны: «Тұр, намазыңды оқы!» – деп бiреу оятады. Атып тұрған Али: «Сен кiмсiң, қайдан жүрсiң?» – деп сұрайды. «Шайтанмын». Хазірет Али: «Онда неге маған жақсылық жасағың келiп тұр?» Шайтан: «Бұл жақсылық емес. Жақсылықты саған кеше жасап қойыппын. Сенi таң намазының сауабынан қағайын деп ұйықтатып тастап едiм, сен оянғасын қатты өкiндiң. Оныңды көрiп тұрған Алла өкiнiшiңдi ескерiп, саған он сауап жазды. Әйтпесе сен таң намазыңды оқып, бiр ғана сауап алған болар ең, әттең! Ал, ендi тез тұр да намазыңды оқы. Тиесiлi жалғыз сауабыңды ал!» – дептi.

Екінші қисса:

Хазіреті Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оқыған намазы барлық жаманшылықтан тыйылуға ықпалды, құдіретті намаз болатын. Сол себепті де Оның (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) намазы ғашықтыққа толы еді. Намаз мәселесіне келгенде Ол (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) барлық ойы мен көңілін бөлетін. Айша (р.а.) Оның намазды қалай оқығандығын айтқанда, кеудесінен қайнаған қазанның дауысындай дауыс шығатынын айтқан. Бұл Хазіреті Пайғамбардың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) намаздағы Аллаға деген ықыласының көрінісі еді.  

Оның (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тәрбиесін көрген Хазіреті Али (р.а.) намазға тұрған кезде жүзі бозарып, өз денесінен, өзгенің бәрінен сытылып шығып келетін. Бір шайқаста аяғына оқ тиіп, қатты ауырғандықтан оны суырып ала алмай қояды. 

Сонда Хазіреті Али (р.а.): 

  • Мен намазға тұрайын, сол кезде оқты суырып алыңдар! – дейді. 

Сахабалар солай істеді. Ол намазда тұрғанда ешқандай қиналмастан оқты суырды. Али (р.а.) шынында да ешбір ауырғанын сезбеді. Намазды аяқтап, сәлем берген соң: 

  • Не істедіңдер? – деп сұрады. 

Олар: 

  • Оқты суырып алдық, – деді. 

Хазіреті Алидің жан-тәнімен беріліп оқыған намазының рухани ләззаты денесіндегі ауру-сырқаттарын сездірмей жіберді. Міне, Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйреткен намаз осындай намаз болатын.

  1. ІЗГІЛЕРДІҢ СӨЗДЕРІ:

Хазіреті Әбу Бәкір (р.а.): «Кім таң намазын оқыса, Алланың қорғауында болады», – деген.

Омар ибн Хаттаб (р.а.): «Намазын жоғалтқан кісі үшін Исламнан ешқандай да үлес жоқ», – деген.

Хазіреті Али (р.а.): «Қараңғы қабірлеріңді қараңғы түнде намаз оқу арқылы нұрландырыңдар», – деген.

Хатам ат-Тайи (р.а.): «Намазға тұрғанда бір аяғым тозақта, бір аяғым жұмақта тұрғандай оқимын» деген екен.

Имам әз-Зәһәби: «Намазды уақытынан кешіктіруші кісі үлкен күнәның иесі, ал оны мүлде тастап қою зина жасап, ұрлық қылғанмен тең. Барлық намаздарды тастау не уақытын өткізіп алу үлкен күнә. Сондай істі бірнеше мәрте жасаған адам қашан тәубе жасағанша үлкен күнә жасаушылардың қатарында болады. Ал намазды тастауды әдетке айналдырған ең сорлы қылмыскер, күнәһәрлардың қатарында», – деген.

  1. НАМАЗ ЖАЙЛЫ НАҚЫЛ СӨЗДЕР:

Абай хакім:

Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс,

Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.

Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төртті,

Қылғанменен татымды бермес жеміс.

Абыз ақын Бұхар жырау:

Бірінші тілек тілеңіз: Бір Аллаға жазбасқа.

Екінші тілек тілеңіз: Әзәзіл, пасық, залымның тіліне еріп азбасқа.

Үшінші тілек тілеңіз: Үшкілсіз көйлек кимеске.

Төртінші тілек тілеңіз: Төрде төсек тартып жатпасқа.

Бесінші тілек тілеңіз: Бес уақытқы бес намаз біреуі қаза қалмасқа.

  1. НАМАЗДЫҢ ПАЙДАЛАРЫ:
  • Жанның шипасы

Намаз өміріңнің ағымын өзгертіп, өмір салтыңды дұрыстайды. Құран аяттары бұл туралы былай дейді:

وَأَقِمِ الصَّلاةَ إِنَّ الصَّلاةَ تَنْهَى عَنِ الْفَحْشَاءِ وَالْمُنْكَرِ«Намаз оқы. Анығында намаз – жеккөрінішті (бұзық) істерден және жамандықтан тыяды» («Анкабут» сүресі, 45-аят).

Иә, адам баласы аса ұлы Алланы ықыласпен еске алып, намазын берілген түрде ұдайы және өз уақытында мұқият орындаса, онда жүрек тазарып, иман күшейеді әрі адам күнәлардан алыс болады. Адам намазда аса ұлы Алланы жанымен, тілімен және денесімен еске алады, ал бұл – өте ұлы еске алу. Сондай-ақ, Алла Тағала намаз оқушыларды былай деп мақтайды:

إِنَّ الإنْسَانَ خُلِقَ هَلُوعًا (١٩)إِذَا مَسَّهُ الشَّرُّ جَزُوعًا (٢٠)وَإِذَا مَسَّهُ الْخَيْرُ مَنُوعًا (٢١)إِلا الْمُصَلِّينَ«Шын мәнінде адам баласы сабырсыз жаратылған. Басына бір ауыртпашылық түссе тым шыдамсыз. Ал оған жақсылық келгенде өте сараң. Тек намаз оқушылар (мұндай) емес» («Мағариж» сүресі, 19-22 аяттар).  

Сол үшін намаз оқиық, жүрегімізге қуаныш ұялап, ләззат пен тыныштық орнайды.

  • Тәннің шипасы

Ислам ғұламалары: «Намаздың тән және жан саулығына таңғаларлықтай әсері бар, сондай-ақ, күш-қуатты сақтап, зиянды әсерлерден сақтайды. Ауру немесе қиын проблемаларға тап болған екі адамды салыстырып қарайтын болсаңыз, намаз оқып жүрген адамның ауыртпалығы әрдайым төмен болады. Намаз оқушының соңғы нәтижесі міндетті түрде жақсы болмақ» деген. Бұхари мен Муслим келтіретін хадисте: «Ұйқы алдында шайтан әрбіріңіздің желкеңізге үш түйін түйеді де: «Сенің алдыңда ұзақ түн, осылай ұйықтай бер» дейді. Егер адам оянып, Алланы есіне алса, бірінші түйін шешіледі, дәрет алғанда екінші түйін шешіледі, намаз оқи бастағанда үшінші түйін шешіледі және адам күнді сергек қарсы алады. Егер мұны жасамайтын болса, күнді нашар көңіл күймен және жалқаулықпен қарсы алады» деген.

Таяуда Иордания кардиологтарының Ассоциациясы күнделікті таңғы намаз жүрек ауруының алдын алып, артериосклероздан сақтайды деген тұжырым айтты. Иордания дәрігерлерінің айтуы бойынша, жүрек қан тамырлары ауруларының басты себебі тым ұзақ ұйқы (8 сағаттан артық) болып табылады. Ұйқы кезінде адам жүрегі минутына 50 соғысқа дейін азаятын көрінеді (қалыпты жағдайда минутына 60-70 соғады), ал жүрек соғысының баяулауы өз кезегінде қан айналымды қиындатып, қан тамырлардың бітелуіне, жүрек бұлшықетінің әлсіреуіне әкеп соғады. Нәтижесінде инсульт пен инфаркт пайда болады. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін ұйқы уақытының аралығында үзіліс жасап тұрған жөн. Төрт сағаттық ұйқыдан соң тым болмаса 15 минутқа оянып, қандай да бір қозғалыстар жасаған дұрыс. Ал оны қамтамасыз ететін – таңғы намаз. Сондай-ақ, сәжде жасаудың бастағы қан айналымына, әрбір қимылдың буындарға, көзге, ас қорытуға оң әсерін беретіндігін бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазып жүр. Күніне 22 ракағат намаз оқыған адам әр ракағатта 4 қимылдан жасайды. Бұл сөзсіз тән саулығына жақсы әсерін тигізбей қоймайды.

  • Ақырет азығы

Пенденің күнделікті оқитын намазы дүниесіне береке, ақырет жұртына қорғаныш және қиыншылықтан құтылу болады. Алла Тағала қасиетті Құранда:

قَدْ أَفْلَحَ الْمُؤْمِنُونَ (١)الَّذِينَ هُمْ فِي صَلاتِهِمْ خَاشِعُونَ«Сондай ықласпен (берілген күйде) намаз оқыған мүминдер, расында да құтылды» («Муминун сүресі, 1-2-аяттар») деген.

Сондықтан намазымыз біздер үшін ақыретте азаптан сақтаушы. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келесі хадисте:

مَنْ حَافَظَ عَلَيْها كَانَتْ لَهُ نُوراً وَبُرْهاناً وَنَجَاةً يَوْمَ الْقِيامَةِ وَمَنْ لَمْ يُحَافِظْ عَلَيْها لَمْ تَكُنْ لَهُ نُوراً وَلَا بُرْهَاناً وَلَا نَجَاةً يَوْمَ الْقِيَامَةِ وَكَانَ يَوْمَ الْقِيامَةِ مَعَ فِرْعَونِ وَقارون وَهامان وَأَبي بِن خَلَفٍ«Кімде-кім бес уақыт намазға мұқият болса, Алла оған бір нұр нәсіп етедінамазы оған дәлел болады жәнеқиямет күні ол құтылады. Ал егер кімде-кім намазға салғырт қараса, оның нұрын алып қояды әрі дәлелі болмайды және ол үшін қияметте құтылу жоқ. Ол қиямет күні Перғауын, Қарун, Һаман, Абу ибн Халафпен бірге болады» деген.

  1. НАМАЗДАҒЫ ҚАУІП:

Бірде пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сендерге ұры жайында айтайын ба? Намазынан ұрлаған адам ұрлық жасаған болады деді. Сахабалар ол қалайша ұрлайды деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Рукуғ пен сәждені толық жасамайды. Жылдам оқиды» деп жауап береді.

Қасиетті Құранда:

فَوَيْلٌ لِلْمُصَلِّينَ (٤)الَّذِينَ هُمْ عَنْ صَلاتِهِمْ سَاهُونَ (٥)الَّذِينَ هُمْ يُرَاءُونَ«Бұлай намаз оқығандарға нендей өкініш. Олар намазға тұрғанда жалқауланып тұрады. Олар намаздарын көрер көзге (рияшылдықпен) оқиды» («Мағун» сүресі, 4-6 аяттар).

  1. НАМАЗ ТАРИХЫ:

Намаз Исламнан бұрынғы илаһи діндердің бәрінде де парыз етілген. Өйткені Құран Кәрімде:

وَمَا خَلَقْتُ الْجِنَّ وَالإنْسَ إِلا لِيَعْبُدُونِ«Мен жындар мен адамдарды тек қана (мені танып) маған ғибадат етсін деп жараттым» («Зәрият сүресі, 56-аят») делінген.

Алла Тағала адам баласын мына дүниеге Өзін танып-біліп, құдіретіне бас иіп, құлшылық етсін деп жіберген. Адам пайғамбардан (ғ.с.) бастап, әрбір илаһи дінде белгілі бір уақыттарда орындалатын намаздар болған. Ал Мұхаммед (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмбетіне бес уақыт намаз Миғраж түнінде парыз болды. Бұл туралы Құранда баяндалған. Миғраж «түнгі серуен» деген мағынаны білдіреді. Мәдинаға көшпестен бір жарым жыл бұрын (яғни, 621 жыл) ережеп айының 26-сынан 27-сіне қараған түні Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пыраққа мініп, Жәбірейіл періштемен бірге көк жүзіне уақыттан, кеңістіктен, күрестен мүлде ада Раббы әлеміне сапар шеккен. Осы сапарда мұсылмандарға бес уақыт намаз парыз етілген.

   10. УАҒЫЗДАН АЛЫНАР ҒИБРАТТАР:

  1. Намаз есеп күні ең бірінші сұралатын ең маңызды құлшылық.
  2. Намаз оқушы адамның екі дүниеде де жүзі нұрлы болады.
  3. Алла алдында адамның дәрежесі өседі.
  4. Пайғамбармен жәннатта бірге болады.
  5. Намазға барған әр қадамына сауап жазылады.
  6. Мешітке барған сайын Алла Тағала ол үшін жәннаттан жаңа жай дайындайды.
  7. Намаз адамның жаны мен тәнінің шипасы
  1. ҚОРЫТЫНДЫ:

Намаз – діннің ең басты белгісі, ең басты рәмізі. Ислам дінінде пенде мен Раббының арасындағы тұрақты байланыс. Сол арқылы пенде Раббысына жақындайды, күнә-кемшіліктерінен тазарады, туралықпен өмір сүру салты нығая түседі және намаз арқылы нәпсінің азғыруы мен қыспағынан сақтанады. Намаз пайғамбарлар мен әулие-әнбиелер үшін, барлық ізгі пенделер үшін ең басты байлық, дүниедегі ең сүйікті іс. Өмірдің  ешбір  ләззаты оның намаздан алған ләззатындай болмады. Сондықтан Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұл фәниде маған мына үш нәрсе жақсы көрсетілді: Әйел, жұпар иіс және көзімнің нұры – намаз»

  1. ДҰҒА:

Ибраһим пайғамбардың (ғ.с.) Құрандағы дұғасы:

رَبِّ اجْعَلْنِي مُقِيمَ الصَّلَاةِ وَمِن ذُرِّيَّتِي ۚ رَبَّنَا وَتَقَبَّلْ دُعَاءِ

«Уа, Раббым! Мені һәм ұрпағымның ішінен намазды кемеліне жеткізіп, үзбей оқитын құлдарыңнан ете гөр! Уа, Раббымыз! Дұға-тілегімді қабыл ете гөр!»[13].

اللَّهُمَّ أعِنَّا عَلَى ذِكْرِكَ، وَشُكْرِكَ، وَحُسْنِ عِبَادَتِكَ

«Уа, Алла! Өзіңді еске алуға, Өзіңе шүкіршілік етуге әрі Өзіңе көркем түрде құлшылық етуге маған жәрдем ете гөр».

[1] «Бақара» сүресі, 3-аят.

[2] «Бақара» сүресі, 43-аят.

[3] «Бақара» сүресі, 45-аят.

[4] «Ниса» сүресі, 103-аят.

[5] «Бақара» сүресі, 110-аят.

[6] «Мүддассир» сүресі, 40-аят.

[7] Тирмизи хадистер жинағы.

[8] Муслим хадистер жинағы.

[9] Муслим хадистер жинағы.

[10] Муслим хадистер жинағы.

[11] Ибн Мәжә хадистер жинағы.

[12] Муслим хадистер жинағы.

[13] «Ибраһим» сүресі, 40-аят.

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38