КІРІСПЕ:
Мешіт – құлшылық жасалатын орын. Яғни, ол жерге келудегі басты мақсат – Аллаға құлшылық ету, парыз етілген үкімдерді орындау. Мешіт қоғамдағы барлық мәселенің шешімін табуға, елдегі бірліктің, ынтымақтың сақталуына тікелей себепші болатын орын. Адамның туғанынан бастап өмірден өткенге дейінгі діни рәсімдер мешітте өткізіледі. Мәселен, балаға ат қою, неке қидыру, жаназа шығару сынды көптеген діни рәсімдер мешітте орындалады.
Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) нұрлы шаһар Мәдинаға көшкен кезде алғашқы қолға алған ісі – мұсылмандардың басын қосатын мешіт салу болды.
Құран Кәрімде және хадистерде мұсылмандардың құлшылық жасайтын мекені әрі пенде мен Раббысы арасындағы байланысын арттыратын орын «мешіт» деп аталған. Осылай аталуының өзіндік себебі бар. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Құлдың, Раббысына ең жақын сәті сәжде жасаған кезі»[1] деп атаған. Демек мешіт пендені Раббысына жақындататын қасиетті орын.
ҚҰРАН АЯТТАРЫ:
Бірінші аят:
اِنَّ اَوَّلَ بَيْتٍ وُضِعَ لِلنَّاسِ لَلَّذ۪ي بِبَكَّةَ مُبَارَكًا وَهُدًى لِلْعَالَم۪ينَۚ «Күмәнсіз, жер бетінде адамдар үшін ең алғаш салынған үй – Меккедегі Қағба. Ол – берекенің қайнар көзі, күллі адамзатты тура жолға бастаушы һәм бет бұратын құбыла»[2].
Қысқаша түсіндірме: Бұл аяттан түсінетініміз адам баласы үшін жер бетіндегі Аллаға құлшылық, ғибадат жасалатын ең алғаш салынған үй ол Мекке қаласындағы әл-Харам (Қағба) мешіті. Кімде-кім қасиетті Қағбада қажылық және ұмра орындаса Алла Тағала көп нығметтермен берекелі етіп қояды.
Екінші аят:
إِنَّمَا يَعْمُرُ مَسَاجِدَ اللَّهِ مَنْ آمَنَ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الْآخِرِ وَأَقَامَ الصَّلَاةَ وَآتَى الزَّكَاةَ وَلَمْ يَخْشَ إِلَّا اللَّهَ فَعَسَى أُولَـئِكَ أَنْ يَكُونُوا مِنَ الْمُهْتَدِينَ«Расында Алланың мешіттерін Аллаға және ақырет күніне иман келтірген, сондай-ақ намаз оқып, зекет берген және тек Алладан қорқатын (пенде) ғана тұрғызады. Міне олар шын мәнінде тура жол тапқандар»[3].
Қысқаша түсіндірме: Мешітті салушы Аллаға иман келтірген, ақыретін ойлаған мұсылман адам болу керек. Мешітті салудағы басты мақсат Алланың разылығы болу керек. Жалған атақтан, көз бояушылықтан ұзақ болу керек. Сондай-ақ мұсылмандар мешіттерді салумен қатар оларды ұстап тұруға, киелі деп құрмет көрсетуге, таза ұстауға, білім алуға, еркін ғибадат жасауға дұрыс жағдай жасауы керек. Мешіттерде дүние сөзін сөйлеуге, жалған сөз айтуға, ғайбат айтуға жол берілмеуі қажет.
Үшінші аят:
وَاَنَّ الْمَسَاجِدَ لِلّٰهِ فَلَا تَدْعُوا مَعَ اللّٰهِ اَحَداًۙ«Шүбәсіз, мешіттер – бір Аллаға тән. Ендеше, Алладан өзгеге әрі ешнәрсеге дұға етіп, жалбарынбаңдар»[4].
Қысқаша түсіндірме: Жер бетіндегі барлық мешіттер тек Аллаға ғибадат жасалынатын орын, одан өзгеге ғибадат жасалынбайды. Алла Пайғамбарымызға (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) және барлық мұсылмандарға таза ниетпен, шынайы ықыласпен Аллаға жалбарынуды бұйырады. Мешіттің тағы бір мағынасы таухид орталығы дегенді білдіреді.
Төртінші аят:
يَا بَن۪ٓي اٰدَمَ خُذُوا ز۪ينَتَكُمْ عِنْدَ كُلِّ مَسْجِدٍ وَكُلُوا وَاشْرَبُوا وَلَا تُسْرِفُواۚ اِنَّهُ لَا يُحِبُّ الْمُسْرِف۪ينَ۟«Уа, Адамның үрім-бұтақтары! Қай кезде намаз оқитын болсаңдар, таза һәм әдемі киімдеріңді киіңдер. Ішіп-жеңдер, бірақ ысырап қылмаңдар, өйткені Алла ысырапқорларды ұнатпайды»[5].
Қысқаша түсіндірме: Уа, адам баласы мешітке барғанда намазға тұрғанда таза әрі әдемі киімдеріңді киіңдер. Алланың берген ризық несібесінен ішіп-жегендеріңде ысырапшылдыққа жол бермеңдер. Бұл аяттан түсінетініміз араммен адалды ауыстырмау, бұйырған нәрселерді тастап қоймау, тыйым салынған нәрсеге жүгірмеу. Алла ысырап еткендерді, шектен шыққандарды жақсы көрмейді.
ХАДИСТЕР:
Бірінші хадис:
عَنْ عَائِشَةَ قَالَتْ: أَمَرَ رَسُولُ اللَّهِ (صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَ سَلَّمْ) بِبِنَاءِ الْمَسَاجِدِ فِى الدُّورِ وَأَنْ تُنَظَّفَ وَتُطَيَّبَАйша (р.а.) анамыз айтты: «Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ауыл аймақтарда мешіт салынуын, олардың таза ұсталуын және хош иіспен жұпарлы болуын әмір етті»[6].
Екінші хадис:
عَنْ أَبِى هُرَيْرَةَ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ (صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَ سَلَّمْ) قَالَ:أَحَبُّ الْبِلاَدِ إِلَى اللَّهِ مَسَاجِدُهَاӘбу һурайра (р.а.) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Алла Тағалаға елді мекеннің ең көрікті жерлері – мешіттер»[7].
Үшінші хадис:
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ قَالَ قَالَ رَسُولُ اللَّهِ (صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَ سَلَّمْ) قال مَنْ تَطَهَّرَ فِي بَيْتِهِ ثُمَّ مَشَى إِلَى بَيْتٍ مِنْ بُيُوتِ اللَّهِ لِيَقْضِيَ فَرِيضَةً مِنْ فَرَائِضِ اللَّهِ كَانَتْ خَطْوَتَاهُ إِحْدَاهُمَا تَحُطُّ خَطِيئَةً وَالْأُخْرَى تَرْفَعُ دَرَجَةًӘбу һурайра (р.а.) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деп айтты: «Кімде-кім үйінен дәрет алып, Алла Тағаланың бұйырған парыз намаздарының бірін өтеуге Алланың үйлерінің бір үйіне барса, аттаған әрбір қадамына күнәлары кешіріліп, екінші басқан қадамына дәрежесі көтеріледі»[8].
Төртінші хадис:
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ عَنِ النَّبِىِّ (صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَ سَلَّمْ) قال: مَنْ غَدَا إِلَى الْمَسْجِدِ أَوْ رَاحَ أَعَدَّ اللَّهُ لَهُ فِى الْجَنَّةِ نُزُلاً كُلَّمَا غَدَا أَوْ رَاحَӘбу һурайра (р.а.) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деп айтты: «Кімде-кім таңертең және кешке (мешітке барып парыз намаздарын орындап) келсе, әр барып келгеніне Алла Тағала ол адамға жәннаттан сый-сияпат дайындайды»[9].
Бесінші хадис:
عنْ عَمْرُو بِن مَيْمُون الأودي قال : أَخْبَرَنا أَصْحاب رَسُولِ اللهِ صلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ :إِنَّ الْمَسَاجِدَ بُيُوتُ اللهِ فِي الْأَرْضِ، وَإِنَّهُ لَحَقٌّ عَلَى اللهِ أَنْ يُكْرِمَ مَنْ زَارَهُ فِيهَا.Амр ибн Маймун әл-Әуәди Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын жеткізді: «Мешіттер жер бетіндегі Алла Тағаланың үйлері, оларды зиярат етіп келгендерге Алла Тағала сый-сияпат әзірлеп қойды»[10].
ІЗГІЛЕРДІҢ СӨЗДЕРІ:
Ибн Аббас (р.а.) былай деген: «Аспанды жұлдыздар жарық қылғаны секілді, мешіттер де жер бетіне өзінің нұрын шашып, жарық қылады».
Имам Науауи (р.а.): «Қалалар Аллаға мешіттерімен сүйікті. Өйткені мешіттер Алланы еске алу үшін, тақуалық пен ізгі амалдарды егуге арналған Алланың рақымы түскен мекен» деген.
ҒИБРАТТЫ ҚИССА:
Бірінші қисса:
Түркияда Стамбул қаласында «Жегендей болдым» деп аталатын кішігірім мешіт бар. Бұл мешіт Осман Империясы кезінде шамамен XVIII ғасырда салынған. Мешіттің салыну тарихы өте қызықты.
Сол кездерде орта табысты кәсіпкер кісі «Тәубе» сүресінің 18-аятындағы: «Алланың мешіттерін шынайы түрде Аллаға, ақырет күніне иман келтірген, намазды толық орындаған, зекет берген және Алладан ғана қорыққан кісі тұрғызады. Міне, солардың тура жол табушылардан болып, жетістікке жетуі үміт етіледі» деген сүйіншіні естіп, өзі де мешіт салуды қалайды. Сөйтіп, ақша жинай бастайды. Күнделікті тұрмысындағы қажеттіліктен тыс қандай да артық нәрсе жеуді қалағанында нәпсі қалауларын тыңдамай «Жегендей болдым (жедім деп есепте)!» деп, соның ақшасын бір шетке жинай береді. 20 жылдан соң жинаған ақшасы кішігірім бір мешіт салуға жететіндей болады. Сол жиналған қаражатына Стамбул қаласының Кырбаджы көшесінде бір мешіт салдырады. Бұл мешіт халық арасында «Жегендей болдым» деген атаумен аталып кетеді.
Екінші қисса:
Алланың үйін тазалаушы кісінің дәрежесі жоғары болады.
Сахаба Әбу Һурайраның (р.а.) айтуы бойынша Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мешітін қара нәсілді бір әйел кісі тазалайтын. Бірде ол біраз уақыт көрінбей қалады. Сонда Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) біршама уақыттан бері оны көрмегендіктен, мешіт тазалаушы әйел қайда деп сұрайды? Сонда сахабалар: «Ол әйел қайтыс болды» дейді. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Маған неге хабар бермедіңдер? – дейді. Сахабалардың оншалықты мән бермегендігін байқаған Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сөзін жалғастырып: «Маған қабірін көрсетіңдер» дейді. Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қабірінің басына барып, жаназа намазын оқығаннан кейін: «Мына қабірстан ол жерде жатқандарға тас қараңғы. Оқыған намазымның себебімен Алла Тағала олардың қабірлерін сәулелендірді» дейді[11].
НАҚЫЛ-СӨЗДЕР МЕН МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕР:
Аллаға жағайын десең, азаның болсын,
Халыққа жағайын десең қазаның болсын.
Естуші едім ауылда, Молдамыздың азанын.
Азан үнi шыққанда, Көтеріп жол тозаңын.
Намазға жұрт баратын, Мешіт лық-лық толатын.
Барлық мойын иіліп, Барлық, қабақ, түйіліп,
Тірлік қамын ұмытып, Бір Аллаға сыйынып,
Құбылаға жұрт құлайтын, Иман, ұжмақ сұрайтын (Әбділдә Тәжібаев).
Мешіт көзге көркем, өзі биік,
Тұрады жұмасына жұрт жиылып.
Ғибраттанып борышымды өтейін деп,
Мен бардым шаттықпенен көңілім сүйіп (Сұлтанмахмұт Торайғыров).
МЕШІТКЕ БАРУ ӘДЕПТЕРІ:
- Тазалыққа, киімге мән беру:
Алла Құранда: «Уа, адам балалары! Әрбір құлшылық орнында зейнеттеніңдер!»[12] деген. Яғни, әрбір намаз кезінде зейнетті, көрікті, әдемі киімдеріңді киіңдер деген сөз. Сондықтан мешітке барарда олпы-солпы киінбей, Алланың алдына бара жатқанын сезініп, жарасымды, әдемі таза киініп бару керек. Бірде Абдулла ибн Масғуд (р.а.) мешіттің ішінде кір шалған киіммен намаз оқыған адамды көзі шалып қалады. Оған таянып: «Бауырым, сен осы намазыңнан кейін қайда бармақшысың?» – деп сұрайды. Сонда әлгі кісі: «Тірлігіме қажетті бір бұйымтайымды сұрауға сұлтанға баратын едім», – деп ойындағысын айтады. Абдулла ибн Масғуд «Оған қажетіңді сұрап баратын болсаң, осы киіміңмен барасың ба?» деп сұрайды. Әлгі кісі «Жоқ, таза киімдерімді киіп барамын», – деп оның сұрағына таңырқай қарайды. Сонда Абдулла ибн Масғуд: «Олай болса, сол таза киіміңе әуелі Алла Тағаланың хақысы жоғары емес пе? – деп әлгі адамды ұялтқан екен.
- Мешітке жағымсыз иіспен бармау:
Кім намазхандарға жағымсыз иіспен азар берген болса, періштелерге де азар берген болады. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім сарымсақ не пияз жеген болса, біздерге жақындамасын немесе біздің мешітімізге жақындамай үйінде отырсын» деген[13].
- Мешітке ертерек бару:
Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің үмбетін мешітке ертерек шығуға шақырған. Хадисте: «Егер адамдар азан айту мен бірінші сапта намаз оқудың сауабын білсе, әрі сол сауапқа жету үшін таласты тек жеребе тастаумен ғана шешуге болатын болса, жеребе тастар еді» деген[14].
- Мешітке жүгірмей кіру:
Абу Қатада (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Біз Пайғамбармен (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірге намаз оқып тұрғанымызда, бір кісілердің асығыс келгендіктен, топырлаған аяқтарының дауыстары естілді. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) намазын бітіргеннен кейін «Сендерге не болды?» – деп сұрады. Олар: «Біз намазға асыққан едік» – деді. Сонда Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ендігіде олай істемеңдер. Егер намазға келген болсаңдар асығып, аптықпаңдар. Намазда үлгерген ракағаттарыңды оқып, ал үлгермеген ракағаттарыңды толықтырып бітіріңдер»[15] – деді.
- Мешітке бара жатқанда дұға оқу:
«Иә, Алла менің жүрегіме нұр ұялат, көзімді нұрландыр, құлағымды нұрландыр, менің оңымды және солымды нұрландыр, үстімнен және астымнан нұрыңды төге гөр, алдымнан және артымнан да нұрыңды жаудыр»[16].
- Мешітке кірерде не шығарда дұға оқу:
Мешітке кірерде: «Иә, Алла! Мұхаммедке және Мұхаммедтің әулетіне салауатың мен сәлеміңді жолда. Иә, Алла! Мен үшін Өз мейіріміңнің есіктерін аша гөр!». Ал мешіттен шыққанда: «Иә, Алла! Мұхаммедке және Мұхаммедтің әулетіне салауатың мен сәлеміңді жолда. Иә, Алла! Мен Сенің кеңшілігіңді сұраймын» деп айту.
- Мешітке кіргенде оң аяқпен кіріп, шығарда сол аяқпен шығу:
Мешітке оң аяқпен кіру керек. Өйткені Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) солай істейтін әрі мешіт құрметті орындардың бірі. Хадисте: «Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) барлық істе оңды жақсы көретін, дәрет алғанында, киінгенінде және жүргенінде» [17].
- Мешіт имамын тыңдау:
Ислам ғұламалары: «Намаз оқушы адам имамның дінге жаңалық енгізуші немесе анық пасық екені белгілі болса да, ол имам сол мешіттің күнделікті имамы болатын болса, онда мұсылмандар сол имамның артынан намаз оқуға міндетті. Бұл әуелгі буынның да, кейінгі буынның да пікірі» – деген. Яғни мұсылмандардың жетекшісі болып табылатын имамдардың білім деңгейінің қаншалықты екеніне қарамастан, оларға ұю қажет екенін дәлелдейді. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «(Имамдар) сендермен намаз оқиды. Егер олар дұрыс жасаса, онда сендерге де, оларға да сауап бар. Ал егер олар қате жасаса, онда сендерге сауап, ал оларға күнә болмақ» – деген.
- Мешітте намазды күтіп отыру:
«Кімде-кім мешітке кірсе, және оны онда ұстап тұрған нәрсе намазы болса, онда ол адам намазда болып есептеледі. Сендердің біреулерің намаз оқыған жерінен тұрып кетпейінше, періштелер оған:
- Уа, Алла! Оны мейіріміңе бөле
- Уа, Алла! Оны кешіріп, жарылқа
- Уа, Алла! Оның тәубесін қабыл ет – деп тілейді. Сондай-ақ періштелердің дұғалары ол адам сол отырысында біреуге азар беріп қоймайынша немесе дәреті бұзылмайынша жалғаса береді» деген[18]
МЕШІТТЕ ТЫЙЫМ САЛЫНАТЫН ІСТЕР:
- Мешітте дүние сөзін сөйлемеу:
Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ақырзаман жақындағанда сондай қауым шығады, олар мешіттерде жиналып, топ-топ болып отырып айтатын әңгімелері тек дүние сөзі. Олармен бірге отырмаңыздар. Алла ондай адамдарды керек етпейді» деген[19].
- Мешітті ластамау:
Мешітте тазалық сақтау, қоқыс заттарды тастамау, тамақ, сусынның қалдықтарын төгіп, шашпау. Сондай-ақ мешіт ішіне түкіріп, қақырмау, ауласында темекі тартпау т.б. мұндай әдепсіз қылықтарды жасамау.
- Мешітте әурет саналатын жерлерді жабу:
Мешітке келерде қыз-келіншектеріміз бастарына орамал байлап, ұзын етек-жеңді көйлек киіп, ішкі көріктерін (әурет жерлерін) жауып киініп келгендері абзал. Кейде кейбір қыз-келіншектер «ұятты жер» деп санайтын денесінің кейбір бөлігін ғана жауып, қалған жерлерін жарқыратып келеді. Ал, қасиетті Құранда әйел адамдардың ұятты жерлері анық көрсетілген. «Нұр» сүресінің, 31-аятында: «Мүмін әйелдерге айт: Бөгде ерлерден көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін зинадан қорғасын. Сондай-ақ зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ, олардың өздігінен көрінгендерінен басқа (беті, алақаны білезікке дейін және аяғы тобыққа дейін). Және бүркеншіктерін омырауларына түсірсін», – деген. Міне, әйелдердің білезікке дейінгі қолдары, жүзі және тобыққа дейінгі аяқтарынан басқа барлық дене мүшелері ұятты жері болып есептеледі.
- Мешітте дауыс көтермеу:
Саиб ибн Язидтың (р.а.) айтуы бойынша: Бір күні мешітте отырғанымда, біреу маған қарай қиыршық тас лақтырды. Бұрылып қарасам Омар ибн Хаттаб (р.а.) екен. Ол маған:
– Анау екі кісіні маған алып келші, – деп, екі адамды көрсетті. Мен әлгі екеуін оның алдына ертіп келдім. Сонда Омар (р.а.) олардан:
– Қай жерден боласыңдар? – деп сұрады.
– Олар Тайф қаласынан, – деп жауап берді.
Сол кезде Омар (р.а.) екеуіне қарап:
– Егер жергілікті болғандарыңда Расулулланың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мешітінде дауыс көтергендерің үшін сазайларыңды берер едім, – деді.
- Мешітте азан айтылғаннан кейін шығып кетпеу:
Мешітте отырған кезде азан айтылса, одан себепсіз шығып кету – макруһ. Абу Шағса деген кісі өзінің жеткізген хабарында былай дейді: «Біз мешітте Абу Һурайрамен бірге отырған едік, азаншы азан айтты. Сол уақытта бір кісі тұрды да, кете бастады. Абу Һурайра оған мешіттен шығып кеткенше көзін салды. Кейін Абу Һурайра: «Бұл пенде Абу Қасымға, (яғни, Пайғамбар саллалаһу алайһи уа салламға) қарсы келіп, күнәһар болды» – деді (Муслим).
УАҒЫЗДАН АЛЫНАР ҒИБРАТТАР:
- Мешіт – имандылық ұясы;
- Діни сауат ашу орталығы;
- Қоғам бірлігінің кепілі;
- Рухани жаңғыру ордасы.
ҚОРЫТЫНДЫ:
Күмбезі ұзақтан көз тартатын мешіттерді қай тұрғыдан алсақ та, әр пендеге жақсы ой мен ізгілікті амалдарды еске салатыны белгілі. Мешіттен аттап өтуге ешкімнің жүрегі дауаламайтыны да сондықтан. Алланың қаһарынан қорыққан жан құлшылық жолында жүрмесе де, дүниеден қайтқан аруақтардың рухтарына «Құран» бағыштатып, садақасын салып, басына саулық, отбасына амандық, ел-жұртына тыныштық тілейді, шын жүрегімен езіліп, шүкірлік айтады.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Егер адамдар Алланың үйлерінің бірінде жиналып, Құран оқып, оны өзара талқылайтын болса, оларға міндетті түрде жан тыныштығы түседі және оларды рақымшылық бүркеп періштелер қоршауына алады. Алла оларды Өзінің құзырындағылар жанында еске алады» – деген.
Олай болса, мешіттеріміздің мұсылман жамағатқа толуы еліміздің мерейін, берекесін арттырар амалдардан болып табылатынын ескере жүргеніміз абзал.
ДҰҒА:
أعوذ بالله العظيم ،وبوجهه الكريم ،وسلطانه القديم ،من الشيطان الرجيم.
بسم الله ،والصلاة والسلام على رسول الله اللهم افتح لي أبواب رحمتك
«Аса ұлы, ерекше жомарт, шексіз билік иесі Аллаға қуылған шайтанның азғыруынан сыйынамын. Алланың атымен бастаймын. Пайғамбарымызға Алланың салауаты мен сәлемі болсын. Аллаһым, мен үшін мейірім есіктерін айқара аша көр!».
[1] Әбу Дәуіт, салат, 147,148.
[2] «Әли-Имран» сүресі, 96-аят.
[3] «Тәубе» сүресі, 18-аят.
[4] «Жын» сүресі, 18-аят.
[5] «Ағраф» сүресі, 31-аят.
[6] Әбу Дәуіт, Солат 13.
[7] Муслим, Масажид 288.
[8] Муслим, Масажид 282.
[9] Бухари, Азан 37. Муслим, Масажид 285.
[10] Әл-Байһақи, Шуғабул иман 2943, 10. Муслим, Масажид 282.
[11] Бұхари, Муслим жинақтары.
[12] «Ағраф» сүресі, 31-аят.
[13] Бұхари хадистер жинағы.
[14] Бұхари хадистер жинағы.
[15] Бұхари хадистер жинағы.
[16] Муслим хадистер жинағы.
[17] Бұхари хадистер жинағы.
[18] Бұхари, Мүслим жинақтары.
[19] Табарани муғжам әл-кабир.