Бүгін, Шымкент әуежайында қажылық сапарға шығарып салу салтанаты өтті. Игі шара алдымен қасиетті Құран Кәрім оқумен басталды. Осыдан кейін Шымкент қаласы бойынша өкіл имам Бақтыбай қажы Бейсенбаев сөз алып Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазреттің құттықтау сәлемін жеткізді. Онда: «Қасиетті қажылық парызының жауапкершілігі мен марапаты шексіз құлшылық. Мүмкіндігі жеткен әрбір мұсылман баласына қажылық ғибадаты парыз болғандықтан, оны орындаушы, ең бірінші, Алланың сый-сияпатына кенеледі. Қажылық ғибадатын ықыласпен орындаған адамның күнәларының кешірілетіні жайлы Пайғамбарымыз (Алланың оған игілі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім қажылық парызын өтеу барысында бос әрі жаман сөзден, сондай-ақ, үлкенді-кішілі күнәлардан бойын аулақ ұстаса, анасынан жаңа туғандай пәк болып қайтады»,– делінген.
Сондай-ақ, Қазақстан азаматтарын қажылыққа халықаралық «Flay Nas» және отандық «СКАТ» әуе компаниясы тасымалдайтын болады. Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы мен Сауд Арабиясы Корольдігінің өкілдері осындай ортақ мәмілеге келді. Мұсылман қауымы үшін Исламның бес парызының бірі – қажылыққа бару болса, осы жылы қасиетті орынға құлшылық етуге елімізден үш мың екі жүз азамат аттанады.
Айта кету керек, бүгін еліміз бойынша алғашқы қажылар Шымкент әуежайынан аттанды. Алғашқылар болып «Ясауи», «Мина тур», «Қызмет саяхат» қажылық компаниялары жол бастады.
Алла еліміз азаматтарының қажылық амалдарын қабыл етіп, Қазақ елі тыныш, жұртымыз аман болғай.
Мұхамеджан Естеміров,
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы
бойынша өкіл имам орынбасары