Ибраһим (а.с.) бір күні теңіз жағасында жатқан бір жануардың өлексесін көрді. Бұл өлексені жағаға ұрған теңіз толқынымен ілесе келген балықтар жұлып-жұлып жеп, кетіп жатты. Толқын кетісімен төбедегі құстар келіп шоқып-шоқып жей бастады. Осылайша өлексенің бір бөлігі балықтардың, қалған бір бөлігі құстардың құрсағында кетіп жатты.
Осы көріністі тамашалаған Ибраһим (а.с.) енді Ұлы Жаратушысының осы бөлік-бөлік боп, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен жануарды қалай тірілтетінін көргісі келіп, Раббысына: «Ей, Раббым, өлілерді қалай тірілтетініңді маған көрсетші», – деп өтініш жасады. Шынтуайтында Ибраһимнің (а.с.) тірілтуді көргісі келгені Ұлы Жаратушысының құдіретіне деген күмәннан туындамаған еді. Тек Ұлы Жаратушысының қалай тірілтетінін көріп, тамаша етіп, шеберлігіне таңғалып, шексіз құдіретін көрген жүрегі жай тауып, Ұлы Жаратушысына мадақ айтып, бас игісі келген-ді. Бір нәрсеге сену басқа, көру басқа. Сондықтан Ол: «Раббым өлілерді тірілте аласың ба?» деп сұраған жоқ, «Уа, Раббым маған өлілерді қалай тірілтетініңді көрсетші», – деді.
Алла Тағала Ибраһимге (а.с.): «Жоқ, әлде сенбедің бе?», – деді. Негізінде Алла Тағала оның ақыретке күмәнсіз сенетінін білетін еді. Ал, Ибраһимге былай деп сұрақ қоюуының себебі – кейін келетін адамдардың ол туралы қате түсінікке бармаулары үшін-ді.
Ибраһим (а.с.) өтінішіндегі мақсатын былай деп түсіндірді: «Әрине, (өлілерді қайта тірілтетініңе) сенемін. Бірақ (қалай тірілткеніңді көріп, әр нәрсені көргісі келетін) жүрегім жай тапсын деп едім.»
Осыдан кейін Алла Тағала Ибраһим құлына: «Төрт тал құс ал. Сосын, оларды өзіңе әбден үйреншікті ет. (Сосын, төртеуін де сойып бір-бірімен араластырып) оларды (араласқан еттерді) әр таудың басына бөліп-бөліп қой. Сөйтіп олардың әрқайсысының атын атап шақыр; олар саған жүгірген күйде келеді. Алланың (әр нәрсеге күші жететін) азиз әрі (әр нәрсені орын-орынды істейтін) хаким екендігін біл деді».
Ибраһим (а.с.) берілген әмірді бұлжытпай орындады. Құстарды тауып, сосын оларды әбден өзіне үйретті. Сосын оларды сойып, жүндерін жұлып, еттерін бір-бірімен араластырды. Сосын араласқан еттерді төртке бөліп, төрт таудың басына апарып тастады. Сөйтіп құстардың әрқайсысының атын атап шақырғаны сол еді, бәрінің тіріліп, ұшқан бойда жанына келгенін көріп Ұлы Жаратушысының құдіретіне таңғалып, жүрегі жай тапты.
(Ақиқат шуағы, Қ.Жолдыбайұлы)