Jaksi aiel jaman erkekti bietedi

Jaksi aiel jaman erkekti bietediАлла тағала қасиетті Құран кәрімде әйел еркектің қабырғасынан жаратылғаны, сол себепті, әйелді қадірлеп, құрметтей білу керектігі жайында айтылады. Тіпті, осы Құранда «Еркектер» деген сүре жоқ та, «Әйелдер» деген үлкен сүре бар.

Бұл сүреде әйел-ананы құрметтеу, оны қорғау, мейірімге бөлеу туралы аяттар келтірілген. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде де аталмыш тақырып кеңінен козғалған.

Сондықтан, әр мұсылман анасын, жары мен қызын, жалпы әйелзатын бағалап, құрметтей білуі керек. Қазақ ежелден ананы, жарды сүюді, оған құрмет көрсетуді білген. Дегенмен, кейінгі кезде, мүмкін заман ағымы солай болар, көп отбасыларда ер адамдар әйелдерін сыйламай, қадірлемей, қаншама шаңырақ шайқалып жатқаны рас. Әсіресе, бүгінгі жастар арасында қыз балаға, әйел-анаға деген құрмет күннен-күнге азайып бара жатқандай. Қарапайым ғана мысал, қоғамдық көліктерде келе жатсаңыз, әже немесе жүкті әйел тұрса, жап-жас ер балалар тұрып орын беруді білмейді. Сондай-ақ, ішімдікке салынып, Құдай қосқан қосағын жәбірлеп, қорлап, соңында темір тордың ар жағына қалай түскенін білмей қалатын азаматтар да бар.

Қазақта «Ерді ер ететін де – әйел, жер ететін де – әйел» немесе «Жақсы әйел жаман еркекті би етеді, жаман әйел жақсы еркекті қор етеді», – деген сөздер бар. Мұның бәрі ер адамның өмірінде әйелдің алатын орны өте зор екенін айғақтайды. Яғни, ер адам әйелге қаншалықты көңіл бөліп, мейірім-шапағатына бөлей білсе, ол да ерінің жақсылығына жақсылықпен жауап береді. Ал, сыйламай, әйелді әрдайым төмендетіп, қазіргідей «Сен менің арқамда күн көріп жүрсің! Мен арқылы осындай дәрежеге жетіп отырсың!»- деп тілдесе немесе әйелге бар ауыртпалықты артып қойып, ер адам өзі үйде қол қусырып отырса, отбасының бірлігі бұзылмағанда қайтеді?! Осыған қатысты бір мысал келтірейін.

Бір адал, пәк, еңбексүйгіш әйел өз еріне ерекше құрмет көрсетеді екен. Күн сайын ерінің киімін, жататын орнын тазалап, бір кесе шай құйса, кесені жеті рет жуып, базардан тағам әкелсе, тек адалын әкеледі екен. Ішкен тағамы, киген киімі бәрі таза, адалдан және көңіл-күйі тоқ болғандықтан, әлгі еркектің денсаулығы, жағдайы жақсарып, жұмысы оңға басады. Тілі шешен, көзі өткір бола түседі. Көзінің өткірлігі сондай, тіпті, күндіз де көктегі жұлдыздарды көреді екен.

Бір күні асып-тасқан ері әйеліне:

– Ей, қатын, сен менің қадірімді білмейсің! Мен сияқты жолы болғыш, көзі көреген күйеуің болғанына мақтанбайсың ба?! Шүкір де осы күніңе,- деп астамшылық жасайды.

Сонда әйелі:

– Бұл менің қызметімнің жемісі ғой. Бұл мейірім-махаббатты, қасиетті маған Алла тағала берді,- дейді. Ері оның сөзін тыңдамайды. Жақсылықты түсінбеген ерінен көңілі қалған әйел оған деген қамқорлығын бұрынғы көңілмен жасамайтын болады. Асты да бұрынғыдай дәмді дайындамайды. Киімдер де апталап жуылмайтын болды. Жуылмаған ыдыстан тамақ ішіп жүріп, бірде әлгі еркек бұрынғы денсаулығынан айырыла бастайды. Көзі көрмей, ұмытшақ, науқас болып қалады. Сол кезде ғана әйелінің қадірін, махаббатын түсініп:

– Менің Құдай қосқан жарым, мен сенің қадіріңді білмеппін. Әуелгі сыйлағаныңды, құрметтегеніңді түсінбеппін. Өмірде жолым болғаны, денсаулығымның жақсарғаны, көзімнің өткір болғаны – бәрі сенің еңбегіңнің жемісі екен. Менің қатемді кешір!- дейді.

Әйелі:

– Қатеңізді Алла кешірсін. Қателіксіз адам болмайды. Менің сізге көрсеткен құрметімді Алла білсе болды. Сіз маған разы болсаңыз, мен жәннатта боламын,- депті.

Міне, осындай хикаялардан ғибрат алып, әйел затының қадір-қасиетін бағалай білейік. Еркекті зор ететін де, қор ететін де әйел екенін ұмытпайық.

Алла тағала балаларымыздың мейірімді анасы – Құдай қосқан қосағымызбен қоса ағартып, баршамыздың бақытты болуымызды нәсіп етсін!

Тыныштық қажы ЯХИЯҰЛЫ

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38