Күндердің күнінде халифаттық таққа жақында ғана отырған Әли ибн Әбу Талиб көше кезіп шығады. Кенет алдынан бір топ бала ойнап жатады алайда, бір ғана бала шетте қызығып ойнамай қарап тұрады. Халифа оған жақындап:
— Сен неге ойнамай тұрсың?-дейді. Баланың көңілі түсіп:
— Бұлар менімен ойнамайды. Өйткені, менің әке-шешем жоқ жетім деп шеттетеді. Халифа:
— Кел мен сен үшін түйе болайын, ал сен менің арқама мін,-дейді. Бала қуанып, көңілі көтеріліп халифаның арқасына мініп алады. Екеуі көшені айналып ойнап жатқанда жандарына бір мұсылман жақындап:
— Ей, мұсылмандардың әміршісі! Бұл қылығың саған жараспайды екен. Сен мұсылмандар сайлаған әмірші емессің бе? Түйе болып шапқылап жүргенің не? Адамдарға қандай өнеге көрсетіп жатырсың?-дейді. Сонда халифа:
— Сен маған емес мына баланың жүзіндегі күлкіге қара. Мені жаратқан Алланың алдында мына жетімнің күлкісі мен жүзінің қуанышы менің халиф тағымнан да қымбат,-деген екен.
Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы