«Ұлды болсам, баламның атын – Адам қоямын. Біздің заманымызда адамның аты оған тағылған жала іспетті. Балама Мұхаммед, не болмаса Иса деп ат қоймаймын. Әли деп те, Омар деп те атамаймын. Тіпті, Закария мен Ибраһим пайғамбарлардың да есімін қоймаймын. Девид пен Джорж, бұлардың ешбірі керек емес. Себебі, ертеңгі күні балам жікшіл боп өсе ме деп қорқамын. Ер жеткенде өзге дін өкілдері баламды лаңкес террорист деп, ал лаңкестер – дінсіз деп, шиғалар – сүннит, сүнниттер болса – Алауи шиға деп шеттетуінен қорқамын.
Осылайша, жұрт баламның есімін жеке куәлігі сияқты қабылдауынан қорқамын. Сондықтан, баламның есімі Адам болса екен деймін. Балам дін дегенде бөліну емес, Алламен байланыс деп танып өссе деймін. Жер – адам баласына ортақ шаңырақ деп өссе екен. Балама дін жалаң атау емес, адамның жүрегіне ұялаған сенім және маңдай терімен тапқан ақиқаты деп үйретемін. Ұлт пен жікке бөліну қауіпті, ең маңыздысы адами қасиет деп тәрбие беремін. Балама аш-жалаңаш қалу – күпірлік, надан сауатсыз болу – күпірлік, адамға зұлымдық жасау – күпірлік деп үйретемін. Балама Алла Тағала мешіт пен шіркеулерден бұрын адамның жүрегінде деп үйретемін. Алла Тағала деген қорқу емес махаббат, сүйіспеншілік деп үйретемін. Балама өзіміз танып білуді ұмытқан құндылықтарды үйретемін. Балама кемшілік атаулыны бөтен кісіден емес әуелі өзімізден іздеп түзету керектігін үйретемін. Айтпақшы, әңгімемнің басында ұлым болса, ұлды болсам деп бастадым. Себебі, біз (араб қоғамы) әлі де қыз баланы құп көрмейміз. Біздің қоғамда бұл кемшілік әлі де бар».
Бұл – Сириялық жазушы һәм әдебиетші Мұхаммед Ахмед Иса Мағұттың жазбасы. Автор қоғамдағы ұмытылған адами құндылықтарға көңіл бөлуге шақырып отыр. Сонымен бірге, діннің адамдарды бөліп-жаратын ұғым емес екенін айтып жеткізгісі келеді. Расында да, бүгінде дін туралы көп талас-тартыс бар, бірақ, сол дискуссияларда діннің жұрнағы да жоқ боп тұрғанына мән бермейміз де. Ойланатын жайт…