Ықыласпен айтылған «кәлима-и шәһадаттың» салмағы

қаралған саны:

Расулаллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм)  бір күні шын ықыласпен айтылған кәлима-и шәһадаттың ақыретте мүмин таразысының оң жақ басын қалай ауыр басатынын былай деп түсіндірді:

«Алла тағала Қиямет күні үмметімнің ішінен бір адамды, жиналған халықтың арасынан шығарып алып, оған қапталған тоқсан тоғыз дәптерді көрсетеді. Әр дәптердің үлкендігіне кім де болса бас шайқап таңырқай қарайды.

Алла тағала әлгі адамнан:

— Мына дәптерде жазылғандарға не айтасың? Менің жазушы періштелерім саған қиянат жасамап па? — деп сұрайды.

Құл:

— Уа, Раббым! Жоқ, әрине. Бәрі де дұрыс, — дейді.

Алла тағала одан қайта сұрайды:

— Осыларды жасағандығың рас болса маған айтар дауың бар ма?

Құл:

— Уа, Алла тағала! Айтар дауым жоқ, — дейді. Іле барлық амалдары таразыға тартылғанда, сауаптары аз болып қалады. Бұны көргенде Жаратушы Ие:

— Бұдан тыс сенің үлкен жақсылық-сауабың да бар. Біз бүгін сені ешқандай жамандыққа ұшыратпаймыз, — дейді.

Таразыға тілдей бір қағаз салынады. Құл ол қағаз не салмақ берер дейсің деп үмітсізденіп тұрады.

Бірден дәптерлер таразының бір басына, әлгіндегі бір жапырақ қағаз болса таразының екінші басына қойылады. Таразы тартылғанда дәптерлер жеңіл тартып, қағаз ауыр басады Сөйтсе, қағазда «Әшхәду ән лә иләха илла Аллаһ уә әшхәду әнна Мұхаммадан расулаллаһ» (Аллаһтан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед оның құлы әрі елшісі) деген кәлимасы жазулы екен».

Негізінде, Алла тағаланың атымен не салыстырылса да онымен бәрібір тең келе алмасы анық.

(Тағлым тамшылары кітабынан)

Комментарии: