Аса Қамқор, Ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Барлық мақтау бүкіл әлемнің иесі Аллаға тән. Күллі әлемге қамқор әрі ескертуші ретінде жіберілген әлемнің ең соңғы Пайғамбары Мұхаммедке

Алланың салауаты мен сәлемі болсын!

         Алла Тағаланың пенделерге берген нығметтерінің есебі жоқ. Есту, сөйлеу, қорқу. Қорқу демекші қорқыныш сезімінің өзі Алланың нығметі екені сөзсіз. Себебі: қорқыныш сезімі болмаса, адамдар қабаған иттен, жол үстінде көліктерден қорықпастан қарсы ұмтылып, бір қиындықтарға ұшырауы мүмкін. Міне, осылай санамалай берсе, Алланың сансыз нығметтері таусылмайды. Сондай нығметтердің бірі – сабыр. Сабыр – Алла Тағаланың тағдырына разы болу, жазғанына, бергеніне қарсы шықпау дегенді білдіреді. Әрбір сәтсіздікті Ұлы Жаратушының сынағы деп қабылдап, оған сабырмен, төзіммен қарауымыз керек. Қиындықтар кездессе оған сабыр ету  – болашақта адамға келетін нығметтердің, жетістіктердің басы деп қабылдауымыз қажет. Қазақтың «Әрбір істің қайыры бар» деген сөздері осындайда еріксіз еске түседі.

         Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімнің «Әли Имран» сүресінің 146-аятында:

وَٱللَّهُ يُحِبُّ ٱلصَّابِرِينَ

«Алла сабыр етушілерді сүйеді», – делінсе, «Нахл» сүресінің 96-аятында:

وَلَنَجْزِيَنَّ ٱلَّذِينَ صَبَرُوۤاْ أَجْرَهُمْ بِأَحْسَنِ مَا كَانُواْ يَعْمَلُونَ

«Расында, сабыр еткендерге жасаған амалдарынан да жақсы сый береміз», – деп айтылады. Демек, біз қандай қиындықтан өтсек, ауыр тауқыметті бастан кешіріп сабыр қылсақ, Алла Тағаланың сый көп екенін білуіміз керек.

Бұл туралы Алла  Елшісі ﷺ бір хадис-шарифінде былай дейді;

ما مِن مُصِيبَةٍ تُصِيبُ الْمُسْلِمَ إلَّا كَفَّرَ اللَّهُ بِها عَنْهُ ، حَتَّى الشَّوْكَةِ يُشاكُها

«Табаныңа шөңге кіргенде, Алланың разылығы үшін қаншалықты сабырлық таныта алсаң, саған соншалықты сауап (каффарат) жазылады», – дейді. (Бұхари хадистер жинағы)

Демек, адам баласы жаны күйзеліске ұшырап, қиналған кезде, байбалам салмай, Алланың разылығы үшін барынша байыптылық таныта білсе, одан асқан рухани бай адам жоқ. Себебі, барлық істің нәтижелі немесе нәтижесіз аяқталуы Ұлы Жаратушының құзырындағы іс. Ғалымдарымыз сабырдың бірнеше түрлері барығын алға тартады. Олар: құлшылық ғибадаттағы сабыр, қиындық-мұсибатқа сабыр, күнәға сабыр.

Құлшылық — әр бір адамның өмірдегі басты міндеті. Ал, ол міндетті атқару әлсіз адамға ауыр тиері сөзсіз. Суық күндері, дәрет алып, жаңбырлы, аязды күндері мешітке бару, жамағатпен намаз  қылу үлкен сабырлықты қажет етеді. Тіпті құлшылық жолында кездесетін түрлі қиындықтар, мәселен, кейбір уақыттарда жұмыс орындарында, көлікте намаз оқу, дәрет алу, жаздың аптабында ораза ұстау үшін, тіпті «әлі де жассың, егде шағында намаз оқысаңда жетпей ме» деген кейбір адамнан шыққан азғырушылардың сөзіне төтеп беру де асқан сабырлылықты қажет етеді. «Білім алу – инемен құдық қазғандай» дейді аталарымыз. Пенденің білім алу жолында да  сабыр керегі айдан анық. Сабырлылықтың арқасында білімнің шыңына қол жеткізген ибн Хажар сынды ғұламалар баршылық.

         Қиындық-мұсибатқа сабыр. Адам өмірінде қуанышы мен қайғысы қатар жүреді. Алла елшісі (с.ғ.с.) мүміннің сипаты жайлы былай дейді:

عَجَبًا لأمرِ المؤمنِ إِنَّ أمْرَه كُلَّهُ لهُ خَيرٌ وليسَ ذلكَ لأحَدٍ إلا للمُؤْمنِ إِنْ أصَابتهُ سَرَّاءُ شَكَرَ فكانتْ خَيرًا لهُ وإنْ أصَابتهُ ضَرَّاءُ صَبرَ فكانتْ خَيرًا لهُ

«Мүміннің ісі қандай ғажап! Оның қай ісі болмасын қайырлы. Алайда, бұл мұсылманның ғана маңдайына бұйырған. Ол жақсылыққа  тап болса, бірден шүкіршілік етеді – бұл оған қайырлы. Егер ол қандай да бір қиындыққа тап болса, дереу сабырлылық танытады, бұл оған қайырлы»деу арқылы біздерді шүкір етуге, қиындықтарға тап болған жағдайда сабыр етуге тәрбиеледі. 

         Күнә істеудегі сабыр. Мұны қалай түсінуге болады? Адамның тепсе темір үзер жастық шағы албырттыққа толы. Жастықпен күнәлі істерге ұрынып жататын кездері жоқ емес. Міне, осындай сәттерде Раббысын үнемі есіне алып, зина, ішімдік ішу сияқты істерден бойын аулақ ұстап, нәпсісіне құлып сала білсе, күнә істерге сабыр еткен болып табылады. Кейбір сәттерде мектеп оқушыларының өз жандарын өздері қыршындай қиып, оқуға түсе алмай қалғаны үшін күйзеліске түсіп жатқандарын естіп жүрміз. Тіпті кейде, сүйіктісіне, ғашығына қол жеткізе алмай, өз өміріне балта шауып жүргендер де жоқ емес. Бір ғана нәрсені есте ұстауымыз керек. Өмір мұнысымен тоқтамайды.  

Алла Тағала баршамызды сабырлы болуға жазсын! Сабырлылық – баршамызға қажет. Ендеше сол қажеттіліктен құр қалмайық.Тәжібаев ЕсәліҚМДБ, Шымкент қаласы “Айтбай ата” мешітінің имамы

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38