Ислам дінінде ақыл-есі дұрыс және балиғатқа толған мұсылманға өмірінде бір мәрте Мекке қаласына барып, қажылықты орындау парыз етілген.
«Хаж» сөзі маңызды, ұлы істі ниет ету дегенді білдіреді. Шариғатта арнайы жерге барып, белгілі амалдар арқылы ғибадатты орындауды айтады. Құран Кәрімде:
﴿ وَ للهِ عَلَى النَّاسِ حِجُّ الْبَيْتِ مَنِ اسْتَطَاعَ إِلَيْهِ سَبِيلاً ﴾
«Үйге (Қағбаға) қажылық қылу Алланың адамдарға, оған жол таба алғандарына (парыз қылған) міндеті»[1], – делінген. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«أيُّهَا النَّاسُ قَدْ فَرَضَ اللهُ عَلَيْكُمْ الحجَّ فَحُجُّوا»
«Уа, адамдар, Алла Тағала сендерге қажылықты парыз қылды, қажылыққа барыңдар!»[2], – деген. Ғалымдар қажылық туралы келген аяттар мен хадистерді алға тартып, қажылық парыз болуы үшін төмендегі сегіз шарт табылуы тиіс деген:
1. Мұсылман болу. Өйткені қажылық мәртебелі іс, бұл істі мұсылмандар орындауы тиіс.
2. Балиғатқа толған болу. Себебі балиғат жасына жетпеген балаларға шариғат міндеттері жүктелмейді. Олардың балиғат жасына дейінгі жасаған қажылығы – нәпіл қажылық саналады.
3. Ақыл-есі дұрыс болу. Ақылсыз адамға ешқандай құлшылық міндеттелмейді.
4. Жеткілікті қаражаты болу. Өзінен және бала-шағасынан артық, қажылыққа барып-қайтуға жететін жол қаражаты болуы керек. Жағдайы келмейтін, ауқаты төмен адамға қажылық парыз емес. Өйткені, Алла ешбір жанға шамасынан тыс міндет жүктемейді.
5. Дені сау болу. Қажылық дене және мал-дүниемен атқаратын ғибадат болып саналады. Мұндағы түрлі қиыншылықтарды жеңіп шығу үшін оған мықты денсаулық қажет. Сондықтан ауру адамдарға қажылыққа бару міндеттелмеген.
6. Қажылыққа баруына кедергі жоқ болу. Мысалы, түрмеде отырған мұсылмандар қажылық ғибадатын орындауға міндетті емес.
7. Жол тыныштығы болу. Яғни, қажылыққа аттанған адам да, оның мал-дүниесі де кез келген қауіп-қатерден қорғалған болуы тиіс. Жол қауіпті болған жағдайда қажылықты тоқтата тұрады. Өйткені, Алла Тағала пенделерін қауіп-қатерге ұшырататын ғибадатқа бұйырмайды.
8. Әйел адамның қасында махрамы болу. «Махрам» деп мұнда куйеуі, ұлы, әкесі және басқа жақын ер туыстарына айтылады. Өйткені қажылық ауыр сапар, қиын жол. Бұл кезде әйел баласы қиналып қалуы ықтимал. Аталмыш шарттар табылмаған жағдайда қажылыққа бару парыз болмайды. Қажылыққа баратын адам қажылық ілімін жақсы үйренуі, білімді де тәжірибелі адамды жолсерік етіп алуы, қажылық үкімдері жайында жазылған кітапты бірге алып жүруі ләзім.
[1] «Али Имран» сүресі, 97-аят.
[2] Муслим риуаят еткен.