Бүгін, Түркістан облысы Түркістан қаласындағы Діни басқарманың кеңсе ғимараты жанындағы «Түркістан-Ахмет Яссауи» мешітінде ҚМДБ-ның төрағасының бірінші орынбасары, найб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қасиетті Құрбан айт намазын жүргізді.
ҚМДБ-ның төрағасының бірінші орынбасары, Найб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жамағатқа уағыз айтып, ҚМДБ-ның төрағасы Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы хазреттің қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай Түркістан облысының жамағатына жолдаған құттықтауын, дұғайы-сәлемін жеткізді.
Айт намазынан кейін, Түркістан өңірінде бақилық болған барша қазақтың хандары мен би-шешендеріне, ғалым-ойшылдарына, баһадүр-батырларына т.б. ардақты тұлғалардың рухына Құран хатым тіләует етіп, бата жасалды.
Сондай-ақ, мерекенің қызықты һәм маңызын арттыу мақсатында – мешіт ауласында дін мен дәстүрімізді дәріптеу негізінде қазақи ұлттық ойын түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, қазақ күресі, кір тасын көтеру, арқан тарту, қол күрес т.б. ойындар өткізіліп, жарыс жеңімпаздарына бағалы сый-сияпаттар табыс етілді.
Өздеріңізге белгілі, Түркістан облысында ҚМДБ-на қарасты 719 мешіттің барлығында бір мезгілде айт намазы оқылып, қасиетті мереке жоғары деңгеде ұйымдастырылды.
ҚМДБ-ның Түркістан облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі