ОҚО облыстық орталық мешітінде жергілікті уақыт бойынша сағат 06:30 да қасиетті Рамазан айының аяқталуына орай мерекелік айт намазы оқылды. Таң намазынан бастап мешітке қадам басып келіп жатқан халықтың қарасы көп болды. Айт мерекесі айт намазымен басталады. Дәстүр бойынша алдымен ОҚО өкіл имамы Бақтыбай қажы Бейсенбаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы ОРАЗ хазреттің Ораза айтпен құттықтау сөзін жамағатқа оқып берді. Одан әрі уағыз айтып, өз уағызында: «Айт мерекесінің негізгі сәні, мұсылмандардың бір-бірін құттықтап жатуы, араздасқандар кешірім сұрап шын жүректеріменен татуласып жатуы, бір-біріне деген сый-құрметі ағайын. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Аллаға иман келтіргеннен кейінгі абзал амал мұсылмандардың бір-біріне деген сый құрметі», – деген.» Сондықтан құрметті жамағат құттықтайтын, сый-құрмет көрсететін, татуласатын қасиетті күн бұл». – деп бірлікке татулыққа шақырды. Намаздан соң Құран оқылып дұға жасалды. Халық бір-бірін құттықтап, амандық тілеп, араздасқандар бір-бірін кешіріп өте жақсы да шарапатты күйде Ораза айт мейрамы басталып кетті. Одан әрі барлық қала, аудан мешіттерінің ауласында игі іс-шаралар өткізіліп. Ораза айт мерекесі өте жоғары деңгейде тойланды.
ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі