Мұсылман жамағаты асыға күткен мың айдан қайырлы қасиетті қадір түні шарапатын шашты. Оңтүстік Қазақстан облыстық орталық бас мешітіне жамағат ағылып келіп жатты. Адамның көптігінен сыймағандары сыртта отырып, сексен үш жылдан да сауапты күнді бос өткізіп алмауға тырысты. Әуелі ОҚО орталық мешітінде 500 жуық жамағатқа ауызашар берілді. Құптан намазынан кейін ОҚО өкіл имамы Бақтыбай қажы Қыдырбайұлы алты мыңнан аса жамағаттың алдына шығып Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы ОРАЗ хазреттің құттықтау сөзін елге жеткізді. Одан әрі сөз алып: «Ардақты ағайын, құрметті көпшілік, бүгінгі қасиетті күнде мешітке келген әрбір қадамдарыңызға Алла сауаптан жазсын! Ниет-дұғаларыңыз қабыл болсын! Қадір – тағдыр түні, тағдырым оңынан келсін деп, дұға тілеп келіп отырсыздар. Алла тағала сол ниет-тілектеріңізді қабылдыққа жазсын! Қадірлі түн баршамызға құт-береке алып келсін» – деп жамағатқа ниет-ықыласын білдірді. Тарауих намазы оқылып әр тәспихтың арасында ОҚО орталық мешітінің найб имамдары жамағатқа уағыз айтып отырды. Намаз соңында қариларымыз Құран хатымды аяқтап, Құран хатым дұғасы жасалды. ОҚО өкіл имамы жиналған жамағатпен бірге әумин деп, қазақ елінің амандығын, бірлігін, жұрттың тыныштығын, жалпы халқымыздың өркендеп-өсіп, көркейе беруін тілеп, Аллаға жалбарына ықыласпенен дұға жасады. Сонымен қатар бір топ азаматтар бес мың жамағатқа сәрелік ас тарқатып қадірлі де сауапты іске үлсетерін қосты. Таң сәріге дейін имамдарымыз жамағтқа жүрек тебіренттер уағыз-насихаттар айтып, нәпіл намаздар оқылып, Аллаға жалбарынған күйде дұға-тілектер жасалып жатты.
ОҚО орталық мешітінің баспасөз қызметі