Сәрсенбiнiң сәтiнде өткен «Ырыс алды – ынтымақ» форумы «5 әлеуметтiк бастама – ел дамуының және қоғамдық келiсiмнiң кепiлi» тақырыбымен ұйымдастырылды. Ауыл билерi мен ардагерлер кеңесiнiң ауылдық бастауыш ұйымдарының төрағалары, әжелер алқасы мен аналар кеңесiнiң мүшелерi, қала, ауыл әкiмдерi мен мекеме, ұйым басшылары, аудандық мәслихат депутаттары бас қосқан алқалы мәжiлiстi жүргiзiп отырған аудандық Қоғамдық келiсiм кеңесiнiң төрағасы Қ. Iлесов жиналғандарды күн тәртiбiмен таныстырып өттi.
Күн тәртiбiндегi мәселе бойынша аудан әкiмi Болатбек Қыстауов баяндама жасап, Елбасының 5 әлеуметтiк бастамасына шардаралықтардың нақты iс-әрекеттерiмен үлес қосып келе жатқанын жеткiздi.Мұнан кейiнгi кезекте сөзге шыққан аудандық ардагерлер Кеңесiнiң төрағасы Т. Бердiбеков, орталық мешiттiң бас имамы А. Данияров, аудандық ардагерлер Кеңесi жанынан құрылған әжелер алқасының төрайымы Ж. Төлешова, Сүткент ауылының медиаторы О. Сейдомаров, Т.Айбергенов атындағы мектеп-гимназиясының жастар ұйымының жетекшiсi Е. Бегiмжанов ысырапшылдыққа жол бермеу, жас отбасылар арасындағы ажырасуды болдырмау, ұрпақ тәрбиесi мен имандылық жайлы сөз сөйлеп, азаматтарды ел арасындағы береке-бiрлiктi нығайту жолында жұмыла жұмыс жасауға шақырды.
Форум соңы ауызашар дастарқанына ұласып, Рамазан айының қадiр -қасиеттерi жайлы әңгiмелер тыңдалды.
Аудан әкiмiнiң баспасөз қызметi.