Мақтарал ауданы, Жетісай қаласындағы «Нұр- Жетісай» мешітінің ұйымдастыруымен және қалалық әкімшіліктің қолдауымен ҚМДБ- ның ОҚО бойынша өкілдігі жанындағы Ақылдастар алқасының «Ұлттық салт- дәстүрлер мен діни рәсімдердің сабақтастығын бірізділікке бағыттау мәселелері» бойынша үндеуіне үн қосуға арналған іс- шара болып өтті. Аталмыш шараға Мақтарал аудандық «Нұғман» мешітінің бас имамы Б. Сыздықов, қала әкімінің бірінші орынбасары Ә. Есенбеков, сондай- ақ, қала ардагерлері, көше билері және де БАҚ өкілдері қатысты.
Шарада алғаш болып сөз алған аудан имамы Б. Сыздықов: «Бүгінгі жиынды пайдалана отырып, Үндеуде айтылған сөздер мен көтерілген мәселелерді талқылап, атап айтқанда жаназада дастарқан жайып ас беру, телім, шапан- шаттық тарату сынды пайдасыз әрі ысырапты іс- әрекеттерге бірігіп тосқауыл қоюға шақырамын»- деді. Келесі сөзге шыққан қала әкімі орынбасары Ә. Есенбеков өз баяндамасында ОҚО өкілдігінің жақсы бастама көтеріп отырғандығын және де елді осыған үндеп отырғанына дән риза екендігін айтып, әрқашан да мешіт тарапынан қозғалған осынау игі бастамаларға қолдау білдіретіндігін жеткізді. Сондай- ақ, Құдайы астар көбіне дәмханаларда өткізіліп жатқандығын ескере отырып, қаладағы дәмханаларға да негізгі қойылатын ас мәзірін ұсынсақ деген ұсыныс білдірілді.
Жарыс сөзге шыққан қала ақсақалдары мен көше билері де елді бірлікке шақырып, осынау игі бастамаларда имамдардың жанынан табылып, қолдау білдіріп отыру қажеттігін айтты.
Мақтарал аудандық «Нұғман» мешітінің баспасөз қызметі