Rejeb ai mubarak

Rejeb ai mubarak2016 жылдың 8 сәуір күні қасиетті Режеп айы басталды. Ережеп сөзі «бір нәрседен қорқу, ұялу, біреуді ұлылығына орай қастерлеу, тағзым көрсету» деген мағыналарды білдіреді. Ережеп – исламнан бұрын да арабтардың қастерлейтін, құрметтейтін айы саналған. Ежелгі арабтар қасиетті айда соғысуға тыйым салған. Тіпті, ислам келгенге дейін осы дәстүр араб халқында сақталып келген.

Ережеп айы – Исламдағы ұлық айлардың бірі. Құран Кәрімде (Тәубе сүресі, 36-аят): «Тегінде, аспан мен жер жаратылған күннен бастап, Алла Тағала айдың санын он екі етіп белгілеген. Оның төртеуі – (зу-л-қағда, зу-л-хижжа, мухаррам, ражәб) соғысуға тыйым салынған айлар. Дінде бұл дұрыс. Бұл айларда сендер өздеріңе зиян жасамаңдар» деген.

 Сонымен қатар, бұл қасиетті ай жөнінде Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай деп түсіндірген: «Ережеп – Алланың күнәларды кешіретін айы. Алла Тағала үшін сүйікті ай. Бұл айда ұрыс-жанжал, қантөгіс тоқтатылған. Бұл айда пайғамбарлардың тәубелері қабыл болып, әулиелер дұшпандарынан қорғалған. Бір кісі Ережеп айын оразамен өткізсе, Алла Тағаланың мынадай үш жақсылығына ие болады: 1. Өткен күнәларын кешіреді. 2. Қалған өмірінде түрлі теріс қылықтардан сақтайды. 3. Қиямет күні Алла Тағала оның шөлін қандырады».

«Кімде-кім Ережеп айында біреудің мұқтаждығын өтесе, қиямет күні Алла Тағала оған Фирдаус жәннатынан көз жетер жеріне дейінгі арақашықтықта сарай тұрғызады. Қаперде ұстаңыздар, бұл айда Алла Тағаланың сый-құрметіне лайық болуды қаласаңыз, өзгеге сый-құрмет жасаңыздар» (Абдуллаһ ибн Зүбәйірден р.а.).

«Жәннатта бір өзен бар. Ол өзеннің аты – Ережеп. Сүттен ақ, балдан тәтті. Кімде-кім ережеп айында бір күн ораза тұтса, Алла Тағала ол кісіге сол өзеннен сусындауды нәсіп етеді»(Әнас ибн Мәліктен Мұса ибн Имран жеткізген).

Ережеп айында қасиетті екі түн бар. Ол екі түн Рағайып және Миғраж деп аталады. Бұл «Рағайыптың» сөздік мағынасы – «рағибә» сөзінің көптік мағынасын береді. Ал, «рағибә» «жауһар, құнды, бағалы, игілік» деген мағыналарды түсіндіреді. Рағайып түні алғашқы аптаның жұмасына, ал қасиетті Ережеп айына тиесілі кештің екіншісі – миғраж кеші. Яғни, Режептің 26-нан 27-не қараған түн «Исра және Миғраж кеші» деп аталады.
  Пайғамбарымыз (с.а.с.) миғраж түнi өзiне iлескен барлық мұсылмандар үшiн:«Уа, Раббым! Миғраж мұғжизасымен менi нығметтендiрдiң. Үмметiм үшiн де осындай бiр нығмет тiлеймiн», – деп дұға жасады. Миғраж түнiнде Пайғамбарымыздың (с.а.с.) дұғасына мынадай үш сый жасалды:

1.«Бақара» сүресiнiң соңғы екi (285-286) аяты «Амәнәр-расул» уахи етiлдi.

2.Пайғамбарымызға (с.а.с.) қиямет күнi үмбетiне шапағат ету мүмкiншiлiгi берiлдi. Қияметте ол (с.а.с.) күнәһар мұсылмандарға жәрдем берiп, оларды азаптан арашалайды.

3.Миғраждың ең үлкен сыйы – бес уақыт намаз берілді.

Міне, Ережеп айы осындай қасиетті түндерімен де құнды. Қасиетті күндер мен түндерден басқа күні жасалған әрбір игі іс, Құраннан оқыған әрбір әріптің сауабы жүз немесе мыңға дейін көбейсе, бұл қасиетті айлар мен түндерде тіпті еселенеді. Сондықтан, бұл айларда қолымыздан келгенше, Құран оқып, дұға жасап, кешірім тілеп, пайғамбарымызға (с.а.с) салауат айтып, ораза ұстап, нәпіл намаз оқып, мүмкіндікті өткізіп алмауға тырысқанымыз абзал.

Алла Тағала қасиетті айлар мен қадірлі түндерде жасалған құлшылық, ғибадаттарымызды қабыл еткей! Әмин!

 

Ахметжан қажы Керімбек,

ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамы

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38