ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев Оңтүстік Қазақстан облысының бас мешітіне арнайы ат басын бұрып, зиярат етті. Мәретебелі мейманды ОҚО өкілі әрі облыстық мешіттің бас имамы Бақтыбай қажы Бейсенбаев қарсы алып, Оңтүстіктің құлшылық ордасымен таныстырды. Министр мырза әуелі Құран оқытып, барша Қазақ елінің амандығын тілеп бата жасады. Мешітті аралап сәулеті мен сәніне, үлкендігі мен үлгісіне мән беріп, ерекше сәулетке ие екенін айтты. Сонымен қатар Дархан Кәлетаев мырза мешіттің үлкен залы киіз үй пішіндес тұрғызылғандықтан көлемі көзге ерекше бір көріністі паш ететінін жасырмады. Құлшылық ордасының тыныс-тіршілігімен жақын танысқан министр мырза ОҚО орталық мешітіне сәттілік тіледі. Бұдан соң ОҚО өкілі Бақтыбай қажы Бейсенбаевпен бірқатар мәселелер бойынша сұхбат жүргізді. Әңгіме барысында діни кадр дайындау мәселелері, білім беру жүйесін дамыту тетіктері, тағы да басқа түйткілді тақырыптар қозғалды.
ОҚО орталық мешітінің баспасөз қызметі