Қазығұрт ауданы Алтынтөбе ауылында 1978 жылы дүниеге келген ауыл азаматтары қалың бұқараның басын қосып, Наурыз мерекелік игілікті іс ауылдың төрінде жазық кең далада жалғасын тапты. Ауыл ақсақалдарымен, ақжаулықты аналарымыздың тәрбиесімен сұсындаған азаматтарымыз азаматтық танытты. Ауылдың бесіктегі баладан 90 жастан асқан ата әжелеріміз түгел қатысты. Ата әжелеріміздің ақ батасымен басталып, өткендерімізді еске алып құран оқылып, Жаратушы Иемізден жылымыз берекелді, мерекелді жыл болсын деп, Ел Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, жақсылықтар баянды болсын деген тілектер жасалынды.
Алтынтөбе ауылында еліміздің көркею жолында ауылынан бастайтын қайырымды жандардың жомарттығымен көптеген игілікті істер атқарылып келеді. Қайырымды жандар қайтымын күтпейді. Әйтседе жақсылық жасаған жанға алғыс айтып, рахмет айту артықтық етпейді. Сонымен қатар тәрбиелік мәні бар және сараңдықтан жомарттыққа жақын болуды үлгілі ету. Осындай азаматтардың атқарған жомарттық қайырымды істерін ескеріп, бір қатар ауылдың кәсіпкер ағаларымыз, аналарымыз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Өкіл имамы Бейсенбаев Бақтыбай Қыдырбайұлының арнайы «Алғыс хатпен» марапатталды. ҚМДБ-ының «Зекет қорының» ОҚО бойынша орынбасары Полатов Еркін Тұрғынұлы қатысып, мерекеге қатысушы жұртшылық алдында сөз сөйлеп Өкіл имам Бақтыбай Қыдырбайұлының алғыс хаттарын табыстап, құттықтауын жеткізді.
Мерекеде тұсау кесер, алтыбақан, арқан тарту, көкпар тарту сынды тәрбиелік мәні бар дәстүрлеріміз орындалды. Дастарханға қойылған дәстүрлі тағамдар наурыз көже, бауырсақ, шелпек нандары т.б тәттілер мерекенің сәнін келтіріп, жұртшылық дәмін татты. «Орамал тон болмайды, жөн болады» дегендей ауылдың ақсақалдарының иықтарына шапан жауап, әжелерімізге орамалдар тарту етілді. Ұйымшылдығы жарасқан ауыл ақсақалдары келесі жылы айтулы Наурыз мерекенің өтуіне үлес қосатын 1979 жылғы азаматтарға баталарын берді.