Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Құрметті мұсылман бауырлар! Қадірменді ағайын!
Мерекелердің ішіндегі ең мерейлі күндердің бірі – әз-Наурыз құтты болсын!
Бұл мерекенің халықтар арасындағы достық пен қарым-қатынасты нығайтуға, бауырластықты одан әрі дамытуға, түрлі ұлттар мен ұлыстар қоныстанған еліміздегі сан алуан мәдениеттер мен салт-дәстүрлердің қайта жаңғыруына өзіндік үлесін қосатындығы сөзсіз. Бұл жөнінде Елбасымыз өз сөздерінің бірінде: «Дін мен тілге бөлмейтін Наурыз мейрамы тәуелсіздік жылдары ұлысты ұйыстыра түсті. Бүгінде ол еліміздегі ең үлкен мереке», – деп нақты атап көрсетті.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасыменсоңғы бірнеше жыл – Дін мен дәстүр жылы болып белгіленген. Осы игі бастаманың аясында еліміздің барлық мешіттерінде наурыз мерекесі ұлттық сипатта тиісті дәрежеде өткізіліп келеді.
Халқымыздың ұғымындағы «көрімдік, ерулік, сүйінші, сыбаға, базарлық, жылу, асар, қол үздік» сынды асыл сөздер мұсылман қазақтың дархан мінезінің, кеңпейілінің, қонақжайлылығының, бауырмалдылығының айқын дәлелі. Дәстүріне бекем ұрпақтың асыл дініміздегі ізгілікке бастайтын құндылықтарға құрметпен қарайтындығы сөзсіз. Ал, ұлттық мерекеміз – әз Наурыз ұрпақты ұйыстырушылыққа ұйытады, үлкен-кішіні лайықты дәрежеде сыйлауға үндейді. Алла тағала ырыздық-несібемізді молайтып, бірлік-берекемізді арттырғай.
Бүгінде Наурыз мейрамыелімізде жалпыхалықтық сүйікті мерекеге айналды десек артық айтқандық емес. Молшылықтың нышаны іспетті осы ізгілікке толы мерекеде Сіздерге тек жақсылық, баянды бақыт, мызғымас денсаулық, ізгілікке толы ұзақ өмір тілеймін.
Наурыз мерекесі құтты, ақ мол болсын! Иманды ұрпақ сабақтастығы жалғасын тауып, ұлы мұраттарға ұмтылған халқымыздың тілегі қабыл, мұраттары асыл болғай! Әмин!
Ахметжан қажы Керімбек,
Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасының
ОҚО бойынша өкiл имамы