Бүгін ҚМДБ-ның Шымкент қаласының Бас имамы Бақдаулет қажы Нұрматұлының тапсырмасына орай, Еңбекші ауданына қарасты «Ар-Рақиб» мешітінің имамы Ержігіт Мамытұлының ұйымдастыруымен Шымкент қаласындағы Қарттар үйіне арнайы барып, ата-әжелерімізге дәм ұсынылып, көңілдеріне қуаныш сыйланды.
Игі шара барысында Орталық Ақ мешіттің наиб имамы Ахметжан Керімбек қарияларға әсерлі насихат айтып, Шымкент қаласының Бас имамы Бақдаулет қажы Нұрматұлының ыстық сәлемін жеткізді. Ақсақалдарымыз бен ақ жаулықты аналарымызға құрмет көрсетіп, жүректеріне жылулық ұялатқан бұл кездесу ізгілік пен бауырмалдықтың жарқын үлгісіне айналды.
Өйткені қарияларымыз – халқымыздың қазынасы, өмірлік тәжірибесі мен өнегесі мол асыл жандар. Оларға көңіл бөліп, дәм ұсынып, жылы сөз айту – адамгершіліктің белгісі әрі асыл дініміз бен салт-дәстүріміз дәріптеген сауапты амал.
Осы қайырымдылық шарасына демеушілік жасап, ізгі іске қолдау білдірген Әжелер мектебінің өкілі Қалдықүл қажы апамызға шынайы алғысымызды білдіреміз! Алла Тағала ниетіңізді қабыл етіп, жасаған жақсылығыңызды еселеп қайтарсын! Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, ғұмырыңызға береке нәсіп етсін!
Қариясын құрметтеген елдің мерейі үстем! Кейде бір ауыз жылы сөз бен бір дастарқан дәмі адамның көңіліне қуаныш ұялатып, жүрегіне үміт сыйлайды. Бүгінгі игі шараның да негізгі мақсаты – қарияларымызға қамқорлық танытып, өздерін қоғамның бір бөлшегі екенін сезіндіру.
Алла Тағала осы қайырымдылыққа атсалысқан барша жанның ниетін қабыл етіп, мол сауаптан жазсын! Қарияларымызға ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, көңіл тыныштығын нәсіп етсін!
Жақсылық жасау – жүректің байлығы, үлкенге құрмет – имандылықтың көрінісі!


















