Бүгін Шырайлы Шымкент қаласында Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет қажы Нұрматұлының бастамасымен, Шымкент қаласы әйелдер-қыздар секторының ұйымдастыруымен Еңбекші ауданындағы «Тура жол» мешітінде «Діни экстремизм және радикализм» тақырыбында тағылымды семинар өтті.
Аталмыш басқосуға Шымкент қаласы жергілікті ақпарат-насихат бөлімінің маманы, «Анламас ата» мешітінің имамы Аманжол Серікбаев, Орталық «Ақмешіт» ұстазы Балжан Асылханқызы ұстаз, ардагер имам Қайрат ағамыз, «Тура жол» мешітінің имамы Сатыбалдиев Асқарғали және мешіт жамағаты мен қонақтар қатысты.
Жиын қасиетті Құран Кәрімнің аяттарын оқумен басталып, діннің дұрыс түсінілуі, діни сауаттылық, экстремизм мен радикализмнің алдын алу, жастар тәрбиесі және қоғамдағы діни мәселелер төңірегінде маңызды тақырыптар қозғалды.
Қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, білікті ұстаздар мен имамдардан тұшымды жауаптар алды.
Осындай тағылымды басқосулардың басты мақсаты – қоғамның діни сауаттылығын арттыру, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру және дәстүрлі ислам құндылықтарын насихаттау.
Алла Тағала елімізге тыныштық, халқымызға амандық беріп, осындай игі шаралардың берекесін арттырсын! 🤲🏻





