«Кім маған бір рет салауат айтса, Алла оған он мәрте рақым етеді», – деген Мұхаммед пайғамбар хадисінің мәнін өмірде жүзеге асыру мақсатында шәкірттеріміздің ұйымдастыруымен ерекше «Салауат жәрмеңкесі» өтті.
Жәрмеңкеге бір күн бұрын мешіт жамағаты шақырылып, сол сәттен бастап айтылған салауаттар есепке алынды. Қатысушылар өздері жинаған салауат санын зикрматик арқылы көрсетіп, арнайы кассада тіркетіп отырды. Әрбір салауат қағазға жазылып, мұқият тексерілді.
Жәрмеңкеде шәкірттер дайындаған түрлі тәттілер, сусындар, мектепке қажетті құралдар мен басқа да пайдалы заттар ұсынылды. Әр тауардың «бағасы» ақша емес, салауатпен белгіленді. Мысалы, бір құты зәмзәм суы 1000 салауатқа берілді.
Алла Тағала Құранда:
«Расында, Алла және Оның періштелері Пайғамбарға салауат айтады. Уа, иман келтіргендер! Сендер де оған салауат айтып, толық сәлем жолдаңдар».
(Ахзаб сүресі, 56-аят)
деп бұйырады.
Жәрмеңкенің нәтижесінде бір күннің ішінде 350 000 салауат жиналды. Бұл көрсеткіш қатысушылардың Пайғамбарымызға ﷺ деген сүйіспеншілігін және игі амалға деген ынтасын көрсетті.
Алла Тағала айтылған барлық салауаттарды қабыл етіп, оны ақыретімізге азық етсін. Осындай рухани әрі тәрбиелік мәні зор шаралар жастардың жүрегіне сүннетке деген махаббат ұялатып, жамағат арасындағы бауырмалдықты арттыра түсері сөзсіз.
«Аллаһумма салли ‘әлә Мұхаммадин уә ‘әлә әли Мұхаммад». 
Жауапты ұстаз: Амина ұстаз







