Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, Мұхаммед Нұр мешіті мешітінде қасиетті Рамазан айына орай «Рамазан – адал қоғамды қалыптастыру айы» атты тағылымды іс-шара өтті.
Жиынның басты мақсаты – жамағат арасында адалдық құндылықтарын насихаттау, қоғамдағы жауапкершілік пен сенімді арттыру, сондай-ақ Рамазан айының рухани тәрбиелік мәнін кеңінен түсіндіру болды. Іс-шара барысында имандылық, әділдік, адал ас пен адал табыстың маңызы жайында уағыз-насихат айтылып, Рамазан айының адам баласын сабыр мен тақуалыққа тәрбиелейтін қасиеті ерекше атап өтілді.
Кездесу барысында мешіт ұстаздары қасиетті айда жасалатын сауапты амалдардың қоғамның рухани жаңғыруына қосар үлесі зор екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар, жамағатты бірлікке, өзара құрметке және ізгі амалдар жасауға шақырды.
Шара соңында қатысушыларға Рамазан айын тиімді өткізу, оразаны дұрыс ұстау және рухани кемелдену жолында тұрақты амалдар жасау жөнінде пайдалы кеңестер берілді.
Алла Тағала баршамызға қасиетті Рамазан айының берекесін сезініп, адал әрі әділетті қоғам қалыптастыру жолында қызмет етуді нәсіп етсін.





