Шымкентте «Адал ас» тақырыбында кондитерлер ұжымына насихат айтылды
Қасиетті Рамазан айында Шымкент қаласында «Адал ас» тақырыбында кондитерлік салада еңбек етіп жүрген кәсіпкер әйелдер мен ұжым қызметкерлеріне арналған рухани кездесу ұйымдастырылды.
Тағылымды басқосуда адал ризықтың маңызы, кәсіптегі шариғи жауапкершілік, халал өнім дайындаудың талаптары және тұтынушы алдындағы аманат мәселелері кеңінен сөз болды. «Адал ас – берекенің бастауы» екені айтылып, кәсіп жүргізудегі шынайылық пен тазалықтың қоғамға тигізер пайдасы насихатталды.
Ауызашар дастарханы аясында өткен кездесуге Шымкент қаласы «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Балжан Асылханқызы арнайы шақырылып, жамағатқа уағыз-насихат айтты. Ол өз сөзінде Рамазан айының рухани тәрбиелік мәніне тоқталып, кәсіптегі адалдық – құлшылықтың бір көрінісі екенін атап өтті. Сонымен қатар, әйел-аналардың отбасы берекесіндегі және қоғамдағы рөлі жайлы тағылымды ойларымен бөлісті.
Кездесу соңында қатысушылар көкейдегі сұрақтарын қойып, өзара пікір алмасты. Рухани кеш ауызашармен қорытындыланды.





