Шымкент қаласындағы орталық Ақмешіт мешітінде адамзатқа ең көркем тәрбие қалдырған, пайғамбарлардың падишасы Мұхаммед ﷺ-тің өмірі мен өнегесіне арналған
«Тағылымды тәлімгердің тамырлы тарихы» атты рухани-танымдық сайыс ұйымдастырылды.
Сайыс қатысушылардың сира іліміне деген білімін арттыруды, Пайғамбарымыз ﷺ-тің өмір жолын тереңірек танытуды мақсат етті. Байқау бірнеше мазмұнды турдан тұрды.
Алғашқы «Шежірелер сыр шертеді» атты турда қатысушылар Пайғамбарымыз ﷺ-тің нәсіл-шежіресі мен ата-бабалары жөніндегі білімдерін ортаға салды.
Екінші кезең — «Салихалы аналар сахнасында» атты сахналық көрініске арналды. Бұл турда қатысушылар Пайғамбарымыз ﷺ-тің жұбайлары мен сахаба аналарымыздың өмірінен алынған тағылымды сәттерді сахналап көрсетті. Қойылымдар тарихи шынайылығы, тәрбиелік мәні және сахналық мәдениеті бойынша бағаланды.
Үшінші «Пайғамбарлар падишасын танисыз ба?» турында қатысушылар Мұхаммед ﷺ жайлы білімдерін сұрақ-жауап арқылы көрсетті.
Төртінші кезең — «Макет жобасы». Қатысушылар Пайғамбарымыз ﷺ өмірінен алынған бір оқиғаны макет арқылы таныстырып, мазмұнын көркем түрде әңгімелеп берді.
Сайыстың соңғы кезеңі — кроссворд. Бұл турда пайғамбарымыз ﷺ-тің өмірі мен ислам тарихына қатысты сұрақтар қамтылды.
Тағылымға толы сайыс жамағатқа рухани серпіліс беріп, сира іліміне деген қызығушылықты арттырды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай рухани-танымдық шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.
















