Бүгін ҚМДБ «Ислам және отбасы құндылығы» жылы аясында Шымкент қаласы, Абай ауданы Мастура қажы мешітінде Дамла Хиндустани өмірі мен шығармашылығына арналған семинар өтті.
Басқосуға шаһар бас имамы Бақдәулет қажы Нұрматұлы, найб имам Мұсабек Ақтамберді, Ахметжан Керімбек, Қазыбек Сарыбаев, ардагер имам Дәуренбек Тасқараев, Мұхамеджан Естеміров, Исламқұл Иманқұлұлы және мешіт имамдары мен ұстаздары қатысты. Семинар барысында Сайрам мешіт имамы Салахиддин Мұхитдинов ғалым өмірі мен шығармашылығына шолу жасап, түсіндіріп өтті.
Жиын барысында сұрақтар қойылып, жан-жақты жауап берілді.
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі
Өмірбаяны
Мұхаммеджан ибн қажы Рүстем әл-Матуриди әл-Ханафи — (дамла Хиндустани, Қажы дамла, Қажы дада, Маулауи Хиндустани атымен мәшһүр) – Ферғаналық Орталық Азияға танымал ірі ханафи ғалымы, тәпсірші. Руы — қыпшақ.1892 ж. Қоқан қандығы, Қоқан қаласы маңындағы Шарбақ қыстағында аймаққа танымал фақиһ Қажы Рүстем Қоқанди отбасында дүниеге келген. Алғашқы бастауыш діни ілімдерді әкесінен алып, Қоқандағы Мың Айым медресесіндегі мұдарристерден (Мұхаммед Әмин, молда Ишанқұлдан), шамамен 1913 ж. Бұхарадағы Ишан Сайахсин ханакасында, кейіннен, балхтық танымал ғалым Мұхаммед Ғаус Сейітзададан (ол дүние салғанша, 1921 ж. дейін) ілім алған.
Ұстаздарының ұсынысымен Ауғанстан арқылы Кашмир (Үндістан) асып, Ажмир қаласындағы «Османия» медересінде тағы 8 жыл ілім алады. Ол кісінің «Хиндустани» лақабы осыдан туындаған. «Османия» медресінде ол урду және хинди тілдерін меңгереді. 1928 ж. қажылық өтеп, еліне оралады.
Оның оралуы діни қайраткерлерді қудалау кезеңіне сәйкес келіп (1933-1953 ж.) үш рет тұтқындалып, өмірінің сегіз жарым жылын Ресейдің әртүрлі аймақтарында айдауда өткізеді. Дамла Хиндустани соғыс жылдары әскерге алынып, 1944 ж. соңында Минск түбінде жараланып майданнан қайтарылады. 1950 ж. ортасынан өмірінің соңына дейін Душанбедегі Мәулана Жақып Чархи мешітінде имамдық қызмет істейді.
Шамамен 1950 ж. соңдарында дәстүрлі діни тәлім беру жүйесі — құжралық оқыту жүйесін жандандырады. Уақыт өте дәріс алушылардың саны артады. Олардың арасында Ферғаналық танымал дін қайраткерлері де болды.
Дәріс берумен қатар Дамла Хиндустани әдеби шығармашылықпен де айналысып, трактаттар, діни жазбалар мен мистикалық поэзияға түсініктемелер жазды.
Оның ең көлемді еңбегі 1984 ж. аяқталған 6 томдық өзбек тіліндегі Құран тәпсірі («Баянул-Фурқан фи таржиматул-Қуран»). Автор айтуы бойынша еңбек қасиетті кітапты түсінуге қиналатын медіресе шәкірттері мен қарапайым мұсылмандарға арналған.
Одан басқа ол кісінің теологиялық шығармалары («Ишәрат әс-сәббәбә», «Панднама-и хазрат-и Маулауи»), өзбек, тәжік тіліндегі аудармалары мен танымал мәтіндерге жазған түсіндірмелері («Қасида әл-Бурда лил-Бусири», «Маулуд ән-Нәби лил-Бәрзәнжи», «Шарх-и Қасида-и Амали») бар.
Дамла Хиндустани Мырза Әбдіқадыр Бедил ғазалдарына түсініктеме жасаумен де танымал болды. Сонымен қатар, ол кісінің дәрістері мен уағыздарының, теологиялық диспуттарының аудио-видео жазбалары сақталған.
Өмірінің соңғы 10-12 жылы Ферғаналық және Тәжікстандық кейбір ғұламалармен ашық және жазбаша теологиялық диспуттармен өтті. Олардың арасында Дамла Хиндустанидың догмаға беріліп, ханафи мәзһабының діни практикасынан ұзап кеткен бұрыңғы шәкірттері де бар еді.
Діни талас-тартыстар намаздағы кейбір іс-әрекеттерге (тәкбірдегі «рафғул-йәдәйни» (қолды көтеру); қиямда тұру; «әминді» іштей (махфи) не жария (жәһри) айту т.б) байланысты өрбіді.
Дамла Хиндустани дәстүрлі діни таным мен тәжірибеде бар, Құрандағы белгілі бір аяттар мен дұғаларды оқып марқұмға бағыштауды, ауру адам мен жан-жануарға сауығу үшін Құран оқуды («рұқия», «дем салуды»), әулиелер қабірін зиярат етіп, тәуәп етуді «исламға қайшы» (бидғат) дегендерді қатаң қаралап, оларға діни-ғылыми негізде жауаптар қайтарды.
Екінші жақтан, Дамла Хиндустани дәтүрлі діни бағыт — ханафи мәзһабындағы нұсқамалар мен көзқарастар негізінде өз оппоненттерінің діни көзқарастарына қарсы тұрды.
Дамла Хиндустани өзінің және өзі қатарлы дін қайраткерлерінің саталиндік репрессия мен қуғынға ұшырауын Алланың қалауы, одан аман қалуын Аллаға тәуекел етудің жемісі, жер аударылуын Алланың өз сенімін сынау үшін берген сынағы деп бағалады. Қайта құру кезеңіндегі мемлекеттің дін саясатындағы либерализациясын (мешіттердің ашылуы, құлшылық-ғибадаттарды еркін орындау т.б) сабырмыздың нәтижесі деп жорыды.
Дамла Хиндустани сенім үшін күштеп күреске үндеуге («әл-жиһад әс-сағир») қарсы болды. Ол жаппай қарапайым мұсылмандарды құрдымға айдап салып, үлкен қырғынға жол ашу ең ауыр күнә деп санады. Сондықтан да, Дамла Хиндустани кеңес билігімен келісімге келіп, қан төгілудің алдын алып, зайырлы мемлекеттегі мұсылмандарға деген либералды мәмілелерге байсалды қарауға шақырды.
Осы, дәстүрлі ханафи мәзһабына қайшы келетін көзқарастарды Дамла Хиндустани «уаһһабилік» деп атады.
Дамла Хиндустани мұсылман әлемінде исламды тазалау ұранымен, діни-саяси қозғалыстар импорттаған жағымсыз, дәстүрлі емес көзқарастарға қарсы шықты.
Сол көзқарастардың бұрыстығын, египеттік «Мұсылман бауырлар» (ихуанул-муслимин) діни-саяси қозғалысының идеологы Мұхаммед Абдуһты сатиралық сынаған «Хаджуия-и Мухаммад Абдуһ» шығармасында көрсетеді.
Дамла Хиндустанидың екі трактаты өзіне жазылған ононимді хаттар мен ислам догмаларына байланысты күрделі сұрақтарға жауап ретінде жазылған. Ауғаныстандағы моджаһедтердің күресін мойындамағаны, «исламды жаңғырту» бүркеншігі астындағы саяси қозғалыстарды қолдамағаны үшін исламистер тарапынан айыпталды. Оның екі тарактаты да атаусыз. Біріншісі (аяқталмаған), «уаһһабилік» туралы, Мұхаммед Абдулуаһһабтың догматикалық көзқарастарына қысқаша түсініктеме берілген , «адасқандар мәзһабы» жайлы жазылған. Екіншісі, Дамла Хиндустаниға уаһһабилік сипаттағы қойылған сұрақтарға берілген «жауаптар». Онда догматикалық, аймақта жанданып келе жатқан діни фунтаментальды сарындағы дәстүрлі діни танымға жат сұрақтарға берліген жауаптар қамтылған.
Осылайша Дамла Хиндустани сол кезде Орталық Азияда енді тамыр жайып келе жатқан «уаһһабизмге» терминдік анықтама беріп, «уаһһабилік» идеологияға ең алғашқы ғылыми тұрғыда ойсырата соққы берген үлкен ғалым болды. Оның орасан зор діни салмағы мен терең теологиялық білімі негізінде «уаһһабилік» анықтамасымен қатар, сол идеологияның насихаттаушылары мен діни топтар айқындалды. Дамла Хиндустани айтқан терминдерді дәстүрлі ханафи ғалымдары, кейін қарапайым мұсылмандар, тіпті ресми орталар да қабылдады.
Дамла Хиндустани 1989 ж. 97 жасында Душанбеде дүние салды. Өзі өмірінің соңына дейін имамдық қызмет еткен мешіт жанына, Нақшбандия тариқатының пірі Мәулана Жақып Чархи қабірістанына жерленген.
Артында мол ғылыми мұрасы мен көптеген шәкірттері қалды. Тәуілсіздік алған 90-шы жылдардан кейін Орталық Азияда өз уағыздарын насихаттауға кіріскен уаһһабилік топтарға қарсы дәстүрлі діни білім мен діни тәжірибеге ие Дамла Хиндустанидың шәкірттері алдыңғы сапта белсенді күрес жүргізді. Әлі де жүргізіп келе жатыр.
Дамла Хиндустани өтпелі кезең кеңестік жүйе кезінде дәстүрлі діни мектебіміз бен діни тәжірибеміздің үзіліп қалмауына үлкен үлес қосты. Ол кісінің ерен еңбегі мен қажырлы қайраты арқасында дәстүрлі діни сабақтастық қиын-қыстау уақытта да жалғасын тауып, жоғалмай бізге жетті.
Күнімізде Дамла Хиндустанидың жазбаша, аудио-видео форматындағы мұралары сақталған. Бірақ толық жарияланып, дұрыс зерттелмеген.



