Шымкент қаласы Тұран ауданына қарасты “Айқап” мешітінде “Ислам және Отбасы құндылығы жылы” аясында әйел-қыздар жамағатына арналған “Әйел және отбасы” тақырыбында рухани-танымдық семинар өтті.
Семинарға ҚМДБ Әйел-қыздар секторының жетекшісі Босжанова Балжан, сондай-ақ Тузелова Айжарқан және Сарыбаева Рабиға қатысып, отбасы құндылығы, ер мен әйелдің қоғамдағы және отбасындағы орны, әйелдің мәртебесі жөнінде кеңінен насихат жүргізді.
Баяндамашылар өз сөздерінде Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистеріне сүйене отырып, әйелдің ері алдындағы міндеттері мен ердің әйелі алдындағы жауапкершіліктері туралы түсіндіріп, ғибратты оқиғалар, мақал-мәтелдер және нақыл сөздер келтірді.
Іс-шара соңында қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, рухани тақырыпта пікір алмасу өтті. Семинар дұға жасап, ізгі тілектермен қорытындыланды.
Бұл іс-шараның мақсаты – әйелдің қоғам мен отбасындағы орнын айқындау, отбасылық құндылықтарды дәріптеу және дін мен дәстүр сабақтастығын нығайту болды.
ҚМДБ Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі





