Шымкент қаласы, Тұран ауданына қарасты “Д.А.Қонаев” мешітінде “Ислам және Отбасы құндылығы жылы” аясында әйел-қыздар секторы жамағатына арналған “Әйел және отбасы” атты тақырыпта рухани-танымдық семинар өтті.
Семинарға ҚМДБ Шымкент қаласы бойынша Әйел-қыздар секторының жетекшісі Босжанова Балжан, сондай-ақ ұстаз Тузелова Айжарқан және мешіт ұстазы Түстікбай Мұғалімжан отбасы құндылығы, ер мен әйелдің қоғамдағы және отбасындағы орны, әйелдің мәртебесі жөнінде кең көлемде тоқталып лекция оқыды.
Баяндамашылар өз сөздерінде Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистеріне сүйене отырып, әйелдің ері алдындағы міндеттері мен ердің әйелі алдындағы жауапкершіліктері туралы түсіндіріп, ғибратты оқиғалар, мақал-мәтелдер және нақыл сөздер келтірді.
Іс-шара соңында қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, рухани тақырыпта пікір алмасу өтті. Рухани семинар соңында дұға жасап, ізгі тілектермен қорытындыланды.
Бұл іс-шараның мақсаты – әйелдің қоғам мен отбасындағы орнын айқындау, отбасылық құндылықтарды дәріптеу және дін мен дәстүр сабақтастығын нығайту болатын. Соңында сый-сияпат пен тарту-таралғылар ұсынылып, дастарқан жайылып ас берілді. Шараның соңында жамағаттағы ардақты әжелер сөз алып үлкен алғыстарын білдіріп мұндай іс-шаралар жиірек ай-сайын өткізуге ұсыныс айтып тарқасты.





