2018 жылдың 15 ақпан күні Түркістан қаласы Бекзат мөлтек ауданы №21 Кәсіптік колледжінде Түркістан қалалық Ішкі саясат бөлімінің және орталық «Түркістан-Ахмет Яссауи» мешітінің ұйымдастыруымен студенттермен кездесу болып өтті.
Кездесу «Қоғамдағы жастар мәселесі, ағымдардан сақтандыру, әлеуметтік желілердегі уағыз насихаттар» тақырыбында өрбіді. Кездесу кешін Түркістан қалалық әкімдігінің Ішкі саясат бөлімінің бас маманы Марат Қалеке жүргізіп отырды. Әуелі сөзді Бекзат мөлтек ауданының тұрғыны, ауыл ақсақалы Кеңес қажы алып, жастарға иманды, тәрбиелі болуы керекті жөнінде өз ақылын айтса, орталық «Түркістан-Ахмет Яссауи» мешітінің наиб имамы Сүлеймен қари Моллатілеуұлы жастарға «Ата-ананы құрметтеу, ұстаздарды құрметтеу, қоғамға пайдалы болу» туралы уағыз айтты, «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің теолог маманы Нағызхан Ілияс «Әлеуметтік желелілердегі уағыз-насихатты қайдан тыңдау керек» деген тақырыпта әсерлі насихатын жеткізді. Сөз барысында уағыз – насихаттарды тек Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тарапынан құрылған уағызшылардың, ғалымдардың уағыздарын ғана тыңдау керектігін, қоғамдағы кері бағыттарға насихаттайтын уағыздарды таратудың кесірі, адасуға апаратын жол екендігін айтты. Кездесуге колледж әкімшілігі тарапынан оң ықылас білдіріп, жиі кездесулерге келіп тұру және осындай кештердің жастарға дұрыс бағыт беретіндігі жөнінде айтып, өз алғыстарын білдірді.
Кеш соңын ауыл ақсақалы Кеңес қажы бата беріп, жастарға тура жолда, ынтымақта болайық деген өз ықыласын жеткізді.
«Түркістан-Ахмет Яссауи» мешітінің баспасөз қызметі