Anadan kangibas bolip tumaidi

Anadan kangibas bolip tumaidi

немесе ата-ананың бақылауынсыз көше кезген қайыршы балалардың тағдыры туралы

Дүниеде ата-ананың жауапсыздығы мен қатыгездігінен жаман ештеңе жоқ. Көзінің ағы мен қарасындай сүйікті перзентін кім тағдырдың талқысына тастап кетеді?! Былай деуімізге күнделікті тіршіліктегі нақты деректер мен дәйектер итермелейді. Осы арада сөзіміз жалаң болмас үшін нақты мысалдар келтіргеніміз жөн болар.

Қостанай қаласындағы алты жасар қара торы баланы полиция қызметкерлері сайда жатқан жерінен бүлдіршіндерді уақытша саялататын орынға алып келмегенде оның кейінгі өмірі қалай өрбитінін бір Алла білсін. Оның өткен суық көктем айларын қоқыстардың арасында өткізгенін еске алған кісінің төбе шашы тік тұрады.

Бұл оқиғаның астары мен себеп-салдарын білу мақсатында біраз арнайы орындармен хабарласып, анық-қанығына көз жеткіздік. Сөйтсек, бұл кір-қожалақ болса да ешкімге зияны жоқ жазықсыз баланың анасы Марал ешкімге абырой әпермейтін ішімдіктің соңына түсіп кеткен екен. Арақтың «қызығымен» дүниені баз кешкен ол өзінің туған балалары бар екендігін де тарс ұмытқан. Ал оларды көрсе, қамқорлық көрсетудің орнына таяқтың астына алып, көк-ала қойдай сабайды екен. Бар тапқанын құлқынына жұмсайды. Бөтелкелес құрбы-құрдастарының жетегімен басы ауған жаққа кетіп қалатын көрінеді.

Алты жасар бала Арманның өзінен кейін Гүлім атты қарындасы да бар. Ол небары төрт жаста. Сүп-сүйкімді қыз баланы көрген кісілердің бәрі де аяушылық білдіріп, қолындағы барларын оған береді. Арман да осы бауырын ерекше жақсы көреді. Бірақ оған қолдан келер көмегі жоқ. Өзі де қайырымсыз «анасымағының» кесірінен талай күнді аштықпен және қақаған суықта бүрсеңдеп тоңумен өткізді. Алайда қолынан келсе, қарындасына көмектесуге тырысады. Қайран бауырлық сезім-ай десеңізші. Гүлім кіп-кішкентай болса да жүрегін қозғайтын жылы сөзді шешесінен емес, өзінен екі жас үлкен ағасынан естіп жүр.

Бұлардың айдың, күннің аманында мұндай күйге түсуіне облысқа жақын жерде бір ауылда тұрып жатқанда үйлерінің өртеніп кетуі негізгі себеп болыпты. Сол тілсіз жаудан шаңырақтың тірегі әкелері қайтыс болған. Содан кейін Марал балаларын асырай алмайтындығына көзі жетті ме, қалада тұратын ата-аналарына қарай жақындағысы келді. Өйткені, төтенше келген өрттің кесірінен баспаналарында іліп алар ештеңе қалмады. Тіпті, құжаттарына дейін жанып кеткен.

Алайда, күйеуінің қайғысын, оның үстіне тіршілік тауқыметін жаны нәзік келіншек көтере алмай, ішкілікке салынады. Ал әйел затына арақ-шараптан арылу жеңіл еместігі өмірде әбден дәлелденген. Содан өзі үміт күткен ата-анасы да одан бойларын аулақ ұстаған. Себебі, олардың зейнетақысы өздерінің күн-көрісінен артпайтын. Ауру-сырқау кісілерге дәрі-дәрмектен ақша артыла ма? Оның үстіне Марал да жаман әдетке салынуын қоймады.

Арқа тұтып келген әке-шешесі бұларды құшағын жайып қарсы ала қоймаған соң, өз тіршіліктерін жасағысы келді. Ол бір жұмысқа тұрып, бала-шағасының нәпақасын айырып жүрді. Пәтер жалдады, бірақ үйреніп қалған арақ-шарабын қоймаған соң, үйдің иесі де оған сенімсіздік танытты. Бір күні ішіп алып, арақтың қызуымен пәтерімді өртеп жібере ме деп қорықты. Содан бұл жерде де ұзақ тұруға тағдыр жазбады.

Ана бола тұрып атың өшкір ішімдікке салынған соң, тірлікте мән бола ма? Алты жасар ұлы мен төрт жасар қызы да жанарлары жәудіреп, жөнімен кетті. Аш қалмас үшін қайыршылық жасауға дейін барды. Сөйтіп жүріп қыз баланың денесіне қотыр жұғып, облыстық тері-венерологиялық диспансерде де емделіпті. Осыдан кейін оны қаңғып, көше кезіп жүрген жерінен жанашыр жандар табылып, балаларды уақытша қамқорлыққа алатын мекемеге алып келген. Осы жерге келген соң ғана оның жүзіне қан жүгіріп, қалыпқа келе бастады.

Арман табиғатында жаман бала емес. Кіммен болсын тез тіл табысып, сөйлесе кетеді. Алайда туған анасы болса да Маралды көргісі келмейді. Оған барса, тағы да бұрынғыша таяқтың астына алып, ұрып-соға ма деп қорқады. Әбден зәрезап болған баланы шешесімен табыстыру кімге болсын оңайға соғар емес.

Осы келтірілген деректердің өзінен отбасында әкенің қаншалықты орын алатындығын байқау зерделі жанға қиын болмас. Отағасының көлденең келген апаттан көз жұмуы бір шаңырақтың тоз-тоз болуына әсер етті. Отбасының ұйытқысы Маралдың қайырымсыздығынан екі бала көше кезіп, қайыршылық жолға түсті. Әйтеуір, айналамызда жүрегі мейірімді, адамгершілігі мол кісілердің жүргені қандай жақсы. Олардың дер кезінде ұл мен қызды көре біліп, тиісті орындарға табыс етуі арқасында балалар қамқорлық құшағына бөленді.

Қайыршы балаларды былай қойғанда, әдетте біз бұзық жолда, көшеде қарақшылық істеп жүрген қаршадай балаларды кінәлап жатамыз. Оларды үлгерімі нашар қиын балалардың қатарына оп-оңай қоса саламыз. Оның түп-тамырына үңіліп, соған жетелейтін жағдайға назар аудара бермейміз.

Егер мәселенің мәнісіне көңіл бөлер болсақ, оның бәрі де отбасындағы ата-ананың жеке басының қадір-қасиетіне, мінез-құлықтарына, салауатты өмір салтын ұстануына, тіршіліктегі көздеген мұрат-мақсаттарына байланысты екендігін өмірден көріп те, сезіп те жүрміз. Бұған да мысалдар жеткілікті.

Қылмыскер балалардың ондай жолға түсуіне көбіне отбасындағы кикілжің, ерлі-зайыпты арасындағы ұрыс-керіс, ішкілікке салынушылық өз әсерін тигізбей қоймайды. Ол бір жағынан ата-аналардың моральдық қадір-қасиеттеріне де әбден байланысты. Жезөкшелікке түскен қыздардың да түп-тамыры аналарының жауапсыздығында және тәрбиенің жетіспеушілігінде жатыр. Жастайынан күйеуінен ажырасқан кейбір әйелдер балаларының көзінше өзге еркектермен әмпей-жәмпей болып, оларға тиісті дәрежеде үлгі-өнеге көрсете алмайды. Орынсыз дөрекі сөйлейді. Мағыналы тіршілікпен айналыспайды. Анасының әлгіндей жағымсыз әрекеттерін, мінездерін көріп өскен қыздан кейін қандай түзу ана шықсын?

Отбасындағы ұрыс-керіс көбіне шаңырақты шайқалтады. Ерлі-зайыптылар балаларының алдында бір-біріне артық сөз сөйлеп, кейде қол жұмсауға шейін барады. Тапқан-таянғандарын құлқындарына жұмсап, перзенттеріне көңіл бөлуді ұмытады. Оларға балаларынан гөрі, ащы су артық көрінеді. Отбасынан жылы сөз естіп, таяныш таппаған балалар көп нәрсені көшеден үйренеді. Жаман жолға түсіп кететіні де сондықтан. Жас кезінде ұл мен қыздар да жас шыбық секілді иілгіш келеді. Кімнің болсын теріс ықпалына қалай түскенін білмей де қалады. Темекі тартып, мас қылатын ішімдіктерді ішуді үйренеді. Ата-анасының бақылауынсыз аш қалған балалар амалсыздан ұрлық-қарлық жасайды. Уақыт өте кісі тонау, адам зорлау секілді хайуанға тән қадамдарға барады. Адам өлтіру секілді кешірілмес күнәға батады. Міне, мұның бәрі де әлгіндей шаңырақтарда жастайынан әке мен шешенің жылуын көрмеген, шынайы махаббатын сезінбеген, тәрбие-тағылым алмаған балалардан шығады.

Кәмелетке жетпеген бүлдіршіндер тәрбиесімен айналысатын мамандармен де кездесіп, сұхбаттасып жатамыз. Олар да жетесіз, бетімен кеткен балалардың басым көпшілігі сондай толыққанды емес отбасылардан шығатындығын жасырмайды. Есепке алынған балалардың басым көпшілігінің не әкесі, не шешесі жоқ. Егер болса да маскүнем, нашақор, ұры-қары болып келеді. Кейбіреулерінің ата-аналары темір тордың ар жағында отырып шыққандар. Олар көбіне пайдалы еңбектен гөрі, біреуді алдап-арбап, жеңіл жолмен күн көргісі келеді. Бірақ, ондайлар мына өмірде де көп жүре алмайды. Қайтадан түрмеге түседі. Өздері қамалып қана қоймайды, балаларына да зиянды ықпалын тигізеді.

Мен Қостанайда Әлібек есімді азаматты білемін. Ол маған мына бір жайды айтып берді. Өзі екі баласы бар әйелді ұнатып, үйленген екен. Бірақ, қазіргі көрген бақыты мен қуанышы баянсыз болып тұр. Өзі жұбайымен жақсы тұрғанмен, олардың бұрынғы күйеуінен қалған соқталдай екі ұлын тәртіпке сала алмай-ақ қойған. Олар ішіп келсе, «біздің өгей әкемізсің» деп тиісіп, жағасынан алатын көрінеді. Кетейін десе, әйелін қимайды. Сөйтіп, екі ортада не істерін білмей, дал болып жүрген жайы бар. Алайда оның сөзінен түйгенім, мына өміріне риза емес. Бір күні чемоданымды қолға алып, екі қолымды төбеме қойып кететін шығармын деп қатты мұңаяды.

Ешкім де анадан сотқар, баскесер, ұры-қары, дөрекі болып тумайды. Ол бірте-бірте қалыптасады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, адам өмірінде ата-ана тәрбиесінің алар орны ерекше. Мұны психологтар да, заңгерлер де жиі айтып жүр. Ұрпағымыз елжанды, парасатты, білімді болсын десек, олардың тәлім-тәрбиесіне, болашағына жастайынан ерекше назар аударғанымыз жөн шығар.

Ең бастысы, әрбір ата-ана өз перзентіне жеке басының қадір-қасиетімен, әрбір айтқан сөзі мен өмірдегі тындырған істерімен үлгі болғанын қалар едік. Сонда көшелерде қайыршы болып жүрген балалар да болмас па еді. Бұған сіз не дейсіз, ағайын?!

Оразалы ЖАҚСАНОВ,

«Ислам және өркениет», №15 (231)

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38