Шымкент қаласындағы “Абдурахман Махсуми” мешітінде Мұхаррам айының құрметіне орай “Ашура күніне” арналған рухани-тәрбиелік іс-шара өтті. Игі шара аясында шәкірттер мен жамағатқа арналған “Оразаның маңызы” атты семинар-сабақ ұйымдастырылды. Басқосуда қасиетті Құран аяттары негізінде төрт қасиетті айдың ерекшеліктері түсіндіріліп, парыз және нәпіл оразалардың түрлері жан-жақты баяндалды. Атап айтқанда, нәзір, қаза, кәффарат және Ашура күніне арналған оразаның үкімі мен маңызы кеңінен тарқатылды. Сондай-ақ, Ашура күніне байланысты тарихи мәліметтер мен оның шариғаттағы орны туралы кең мағлұмат беріліп, Пайғамбарымыздың (с.а.у) хадистері арқылы бұл күннің артықшылықтары нақты мысалдармен жеткізілді. Семинар-сабақ жамағатқа терең әсер қалдырды. Іс-шара соңында қатысушыларға тәттілер үлестіріліп, жиналған жұртшылық бата жасап, бір-біріне жақсы тілектерін арнады. Алла Тағала баршамыздың алған ілімімізді пайдалы, ұстаған оразамыз бен жасаған амалдарымызды қабыл етсін!
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі



