Мәуліт мерекесін барша мұсылман қауым ерекше қастерлеп, құрметтейді. Себебі, бұл айда он сегіз мың ғаламның Сардары болған Мұхаммед Мұстафа (с.а.с) дүниеге келген. Мәулітті атап өтудегі мақсат- Қараңғылықты нұрға бөлеген, шөл далада өскен бір дана райхан гүлі іспетті Алланың хабибін еске алып, Оның (с.а.с) дара жолын насихаттау болып табылады. Осы орайда, 7-ші желтоқсан күні Мақтарал аудандық «Нұғман» мешіті, Жастар ісі секторы, Зекет қоры бөлімінің ұйымдастыруымен «Мәуліт мүбарак болсын» атты тақырыпта рухани кеш өткізілді. Кеш аудандық «Нұғман» мешіті дәмханасында 500 адамға арналып дастарқан жайылды. Игі іс- шараға Мақтарал ауданының әкімі Ғалым Ыбырайұлы Исмайлов, Нұр Отан ХДП хатшысы Мұхтар Жайлемшиев, ауданның құрметті азаматы, батагөй ақсақал Бекахметов Оразқожа, мешіт имамдары және өзге де ақсақал- билер қатысып, бата берді.Әуелі, аудандық орталық «Нұғман» мешітінің найб имамы Шаймерден Бағдат Алланың кәләмі Құранмен сөз бастады. Жайылған дастарқанға себепкер болған жеке кәсіпкер, меценат Бахаридин Аблазимовке және осындай ұрпақ тәрбиелеген анасы Жамал апайға ауданымыздың бас имамы Сыздықов Бекзат Оқапұлының атынан алғыс айтып, ықылас- ниетін білдірді. Сонымен бірге, Аудандық «Нұғман» мешітінің ұстазы Тухтаев Умид, Имам Бухари мешітінің имамы Аймухаммедов Мансұр мәуліт шәриф оқып, Пайғамбарға (с.а.с) салауаттар мен сәлем жолдады. Рухани кеште «Пайғамбарымызға деген махаббат», «Саңлақ сахабалар жайлы» және басқа да тақырыптарда қала имамдары насихат жасап, келген қонақтарға Алла елшісіне деген сүйіспеншіліктің жоғары дәрежеде болуын ұқтырғандай! Іс- шара соңында барша жамағат орындарынан тұрып, Пайғамбарға деген құрметпен салауат айтты. Алла баршаларымыздың ниеттерімізді қабыл еткей!
Мақтарал аудандық «Нұғман» мешітінің баспасөз қызметі