Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Шымкент қаласына жасаған іссапары аясында дін саласында табанды еңбек етіп келе жатқан бірқатар дін қызметкері марапатталды.
ҚМДБ-ның 35 жылдық мерейтойына орай халыққа діни-ағарту бағытында қызмет етіп жүрген Шымкент қаласындағы 7 имамға мерекелік медаль табысталды.
– Біздің ата-бабаларымыз мүфтият құру жолында көп тер төкті. Бірақ ол армандары ұзақ уақыт орындалмай келді. Аллаға шүкір, сол бақ бізге бұйырып, 1990 жылдың 12 қаңтарында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы дербес діни ұйым ретінде құрылды. Жуырда осы тарихи кезеңге арналған VІ республикалық имамдар форумын өткіздік. Онда ас берудегі ысырапшылдыққа жол бермеу және отбасы құндылықтарын дәріптеу жөніндегі екі маңызды құжат қабылданды. Қазір бұл құжаттар ел ішінде кеңінен насихатталып жатыр, – деді Бас мүфти.
Наурызбай қажы Тағанұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың форумға арнайы құттықтау жолдағанын атап өтіп, имамдардың ел бірлігін нығайту, қоғамда әділет пен имандылықты насихаттау жолындағы еңбегін жоғары бағалағандығын жеткізді.