Бүгін ҚМДБ 35 жылдығына орай, Шымкент қаласы бойынша өкілдігінде «ИСЛАМ ЖӘНЕ САЛТ-ДӘСТҮР: ТОЙ МӘДЕНИЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ» атты аймақтық танымдық-рухани семинары ұйымдастырылды.
Семинар жұмысына ҚМДБ Бас мүфти кеңесшісі және Стратегиялық талдау және даму бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейтбеков арнайы қатысып, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің құттықтау сәлемін жеткізді.
Осыдан кейін, бірқатар азаматтар сөз алып, діни басқарма тарапынан атқарылған оң істерге тоқталып, ойларын ортаға салды. Атап айтқанда, Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет қажы Нұрматұлы, Шымкент қаласы Дін істер басқармасының басшысы Бақтияр Әлтайұлы, Шымкент қалалық Ардагерлер кеңесінің орынбасары Жанпейс Нұрмағанбетұлы, ҚР Президенті жанындағы ұлттық құрылтай мүшесі, ақын, «Қаратау өнер» мектебінің директоры Біржан Байтуов, Той ұйымдастыру орталығының жетекшісі Берік Жорабеков, Қалалық Әжелер мектебінің мүшелері Зулпия Әбілқасымқызы және Рабиға Шәріпқызы арнайы баяндама жасады.
Семинар барысында салт-дәстүрді сақтау, той өткізу мәдениетін қалыптастыру, той жиындардағы ысырапшылдық, асабалардың өрескел қателіктері мен әрекеті, т.б. өзекті мәселелер қаралды.
Басқосу барысында шаһар бас имамы Бақдаулет қажы Нұрматұлы барша қатысушыларға алғыс айтып, ризалық білдірді. Бұл бағытта кездесулер мен жиында жиі өткізілетін болып шешілді.
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі