Шымкент қаласы орталық Ақмешіт мешітінің әйел-қыздар бөлімі ұстаздарының және шәкірттерінің ұйымдастыруымен «Қазақ даласында тарихта есімі қалған аналарымыздың келбеті» атты рухани-танымдылық бағдарлама өтті. Бағадарламаны қала бас имамы Абдурахманов Бағдәулет қажы Нұрматұлы ашып берді. Бұл бағдарламаның мақсаты елге қызметі тиген аналарды еске алып, оларды үлгі етіп жақсылықтарын және ұмыт қалған кейбір салтымызды еске салып әйел-қыздар жамағатына дәріптеу. Бағдарлама барысында «Құрсақ шашу» салтының спектакльдік көрінісі көрсетілді. Рөлдерді мешіт шәкірттері сомдады. Және қазақ даласынының оңтүстік өңіріндегі тарихта есімі қалған аналар жайлы бейнебаян көрсетілді.
Қазақ дастарханы жайылып, ұлттық тағамдардың да көрінісі қойылды.
Келген қонақтар осы мешіт ұстазы Түзелова Ақжарқын ұстаздың салт-дәстүрдің маңыздылығы жайында баяндамасын тыңдады. «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Досжанова Балжан ұстаз жаулық діннен бе дәстүрден бе екендігі жайында баяндама жасады.
Кешімізге елге атақты дәстүрлі әнші Наркенже Серікбаева және қазақ қыздары мен келіндерінің әдебін дәстүрге сай үйретіп орталық ашқан «Appaq ana» және «SAFA» ханымдар орталығының басшысы Салтанат Пайзуллақызы қонақ болды. Салтанат Пайзулла қызы дін мен дәстүрлі дәріптеу жайлы өз ойымен бөліссе, әнші Наркенже Серікбаева өз репертуарынан әндерін ұсынды.
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі