Бүкіл әлемнің иесі Жаратушы иеміз Алла тағалаға сансыз мақтаулар мен мадақтар, Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы сахабаларына Алланың игілігі мен сәлемі болсын. Жаратушы Жаббар иеміз Құранда: «Жақсылықта жарысыңдар», және Ниса сүресінде: «Қандай да бір игі іс істесеңдер, шүбәсіз Алла оның толық біледі»- деп жақсылық пен игі істердің сауабы молынан болатындығын айтқан. Осынау сауаптардың еселеніп берілетін уақытының бірі- он екі айдың сұлтаны болған қасиетті Рамазан айының да бел ортасы келіп жетті. Рамазан айының алғашқы он күндігінде аудандық «Нұғман» мешітінде көптеген игі істер орын алды. Әуелі, «1 маусым» балалар күніне орай Мақтарал ауданында орналасқан 40 жетім балаларға дастарқан жайылып, қуаныштарына бөленсе, «Рамазан- қайырымдылық айы» атты іс- шара бойынша 35 отбасына 25 мың теңгелік азық- түлік (оның ішінде 1 қап ұн, 1 қап макарон, 5 келі күріш, құрғақ шай, қант, бал өнімдері, 5 келіден картоп, сәбіз, жуа, 2 дана халуа, тәтті тоқаштар, 5 литр сұйық май т.б) және 5 отбасына қаржылай (40000 тг) көмек көрсетілді. Сонымен қатар «Зекет» корпортаивтік қоры Мақтарал ауданы филиалы бойынша 5 отбасына 100 мың теңге көлеміндегі азық- түлік берілсе, Аудандық «Нұғман» мешіті Жастар ісі бөлімі бастамасымен 2 отбасыға қаржылай (17000 тг) және күнделікті тұрмысқа қажетті заттар, 5 отбасына азық қоры таратылды. Көмек берілген отбасылардың дені 1,2 топтағы мүгедектер, қарттар мен жалғыз басты аналар болып табылады. Құдай тағала жақсы бастамаларымыздың жалғасын тауып, өзгеге әрдайым қол ұшын беруімізді нәсіп қылғай. Әмин!
Мақтарал аудандық «Нұғман» мешітінің баспасөз қызметі